25 және 26 қыркүйек күндері «I-SEED: инновациялар – әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» жобасының аясында жыл сайынғы жастарға арналған «САМҒАУ» бизнес-фестивалі алтыншы рет өтеді, деп хабарлайды British Council Kazakhstan.
«САМҒАУ» мектеп оқушылары мен студенттерге іскерлік дағдыларды үйрету және әлеуметтік салада бизнесті бастауға қажетті қасиет - көшбасшылық қасиеттерді дамыту мақсатында құрылған.
Фестиваль барысында табысты кәсіпкерлер мен үздік бизнес-тренерлер аз қаражатпен стартапты дамыту және кәсіпкерліктің басқа аспектілері туралы айтады.
Сонымен қатар, фестивальде Қанат Бейсекеевтің қазіргі жастардың құндылықтары, мақсаттары мен болашаққа көзқарасы туралы «Dauys» атты деректі фильмінің тұсаукесері өтеді.
Фестиваль қатысушылары BRO Glasses негізін қалаушы Данияр Шайкемелов, кәсіпкер және нетворкинг-маманы Мерей Мұстафина, "Asar-ume" қайырымдылық жобасының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, JKS Entertainment жетекшісі Бексұлтан Қазыбек пен The YOLO House продюсері Азат Халимов сияқты спикерлердің семинарларына қатысуға шақырылады. Сондай-ақ, іс-шара аясында түрлі сыйлықтар ойнатылады.
Фестиваль Karina Ivanova, Aidhn, Yenlik және Jeltoksan сынды жас қазақстандық орындаушылардың онлайн-концертімен аяқталады. Фестивальдің ұйымдастырушылары - British Council мен «Шеврон» компаниясы.