Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Самұрық-Қазына» АҚ тобы қытай компанияларымен жалпы сомасы 5,1 млрд. долларға келісімшарттар жасасты

«Самұрық-Қазына» АҚ тобы қытай компанияларымен жалпы сомасы 5,1 млрд. долларға келісімшарттар жасасты
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ тобы компаниялары көлік, энергетика, атом, металлургия мен химия өнеркәсібі салаларын қамтитын жалпы сомасы 5,1 млрд. доллар болатын келісімшарттар жасасты. Атап айтқанда, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен Цзянсу аймағының халықтық үкіметі Люньюньган қаласының порты мен «Қорғас - Шығыс Қақпасы» АЭА-ын дамытуда стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды. Келісім бойынша көлік логистика, бағдарлы поездарды тасымалдау, «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында қойма-терминалы инфрақұрылымын дамыту жобаларын тараптар бірелесіп жүзеге асырады. «Масал кен байыту комбинаты» ЖШС («Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны) мен Қытайдың техникалық импорт пен экспорт жөніндегі ұлттық корпорациясы Ақмола облысындағы Масал темір кенішінде тау-кен металургиялық кешенін салуға уағдаласты. Кәсіпорынның қуаты жылына 1 миллион тонна болады деп жоспарланып отыр. «Самұрық-Энерго» АҚ, Қазақстанның даму банкі және Қытайдың мемлекеттік даму банкі Шелек дәлізінде жел электр стансасын салу шарттарына қатысты ортақ шешімге келді. Кәсіпорын қуаты алғашқыда 60 МВт, ал кейін келе 300 МВт-қа дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар Алматы облысында жасыл энергетиканы дамытуға Қытайдың мемлекеттік даму банкі 120 млн. доллар, ал Қазақстанның даму банкі 35 млн. доллар көлемінде займ бөледі. «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен CNEIC (China Nuclear Energy Industry Corporation) корпорациясы уран өнімін ҚХР аумағы арқылы АҚШ пен Канадаға тасымалдауға уағдаласты. Осылайша ұлттық компания уран өнімін тасымалдау бағдарын әртараптандыра түспек. «Біріккен химиялық компания» ЖШС Жамбыл облысында «Глифосат пен үшхлорлы фосфор өндірісі» жобасын қаржыландыру мен іске асыру туралы келісімге қол жеткізді. Осылайша қытай тарапынан жобаны HUALU компаниясы бірлесе жүзеге асырып, Қытайдың мемлекеттік даму банкі өндірісті іске қосуға 100 млн. доллар қаражат қарастыратын болды. «ҚазМұнайГаз - өңдеу және маркетинг» АҚ мен China Kingho Energy Group «Қарағанды СиСиАй» ЖШС атты жаңа бірлескен кәсіпорын құратын болды. Компания Қарағанды облысында көмір өңдеу кешенін салу жобасының операторы болмақ. Жобаның мақсаты - көмірден синтетикалық отын алудың тың технологияларын өндіріске енгізу. Аталған іскерлік келісімшарттар «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы мен Қытай компаниялары арасындағы шикізаттық емес сектордағы әріптестікті нығайтып, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға септігін тигізеді, деп хабарлайды «Самұрық-Қазына» АҚ компаниясынан. inform.kz

Похожие материалы