Астана. 15 ақпан. 7kun.kz - «Самұрық-Қазына» қоры 2017 жылдың соңына дейін 23 ірі активін сатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламадағы ақпаратқа сәйкес, бірінші жартыжылдықта 12 ірі нысан сатуға шығарылмақ: «Транстелеком» АҚ, «Тегіс Мұнай» ЖШС, «Еуро-Азия Эйр» АҚ, «Электровоз кұрастыру зауыты» ЖШС, «Локомотив кұрастыру зауыты» АҚ, «Тұлпар-Тальго» ЖШС, «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС, «Маңғыстау ЭБК» АҚ, «Шығыс-Қазақстандық АЭК» АҚ, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ, «Қызылту» ЖШС, KMG International N.V».
Қордың жазуынша, аталған акциялардың бесеуіне шетелдік инвесторлар қызығушылық білдіріп отыр. Бұдан бөлек 11 актив тәуелсіз кеңесшілердің талдауынан өтіп, Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның келісімінен кейін сатылады.
Жалпы Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға кешенді жоспары аясында «Самұрық-Қазына» 215 активті бәсекелестік ортаға шығарады.