31 наурыз күні Қазақстан қор биржасының ресми сайтында "Самұрық-Қазына" қорының «ҚМГ Қашаған Б.В» жауапкершілігі шектеулі жеке компаниясы (ЖШЖК) акцияларын сатып алу туралы хабарлама жазылды. Ал 2015 жылдың желтоқсан айынан бері қор мен «ҚМГ Қашаған Б.В» арасында жалпы көлемі 189 938 000 долларды құрайтын онға жуық келісім жасалған.
Ең ірі келісім 2015 жылдың желтоқсанында жасалды. Келісім құны - 113 300 000 доллар. Осылайша әр ай сайын үш келісім жасалып отырған. Сонымен қаңтар айында 16 508 500 доллар, 16 147 000 доллар, 6 025 000 долларды құрайтын келісім болды. Ақпан айындағы келісім құны - 6 266 000 доллар, 4 699 500 доллар, 4 940 500 доллар. Наурыз айында - 5 543 000 доллар, 2 289 500 доллар, 14 219 000 долларға келісім жасалды.
"Самұрық-Қазына" АҚ ішкі және сыртқы коммуникация департаменті өкілдері мәлімдегендей, 2015 жылдың қазан айында "Самұрық-Қазына" қоры «ҚМГ Қашаған Б.В» ЖШЖК-ның 50% акциясын сатып алу туралы келісімді аяқтады. Келісім құны 4,7 млрд долларды құрады. Қаржының 2,7 млрд доллары - Ұлттық қордан, 1,5 млрд доллары – Bank of Tokyo-Mitsubishi UFJ қорынан алынған қарыз есебінен, 500 млн доллар – қордың корпоративті облигациялары есебінен төленді.