Алматы. 1 наурыз. 7kun.kz – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен азаматтардың табысын көтеру және өмір сүру сапасын көтеру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін салалық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Кездесу барысында министр жұмыс тобының мүшелері мен шақырылғандарды Мемлекет басшысының "Нұр Отан" партиясының съезінде айтылған тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
"Әлеуметтік қолдауды күшейту және адамдардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешенді тәсілді ескере отырып, кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Олардың ішінде, аз қамтамасыз етілген отбасыларды, оның ішінде көп балалы отбасыларды қолдау шараларын қамтуды кеңейту және күшейту; өңірлердің әлеуметтік карталарын әзірлеу; әлеуметтік қызметтердің бірыңғай пакетін және қолдау шараларын енгізу; мүгедектігі бар балаларды күтуді жүзеге асыратын отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту; толық емес көп балалы отбасылар үшін үйде жұмыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдағы көп балалы отбасылар үшін гранттар мен шағын несиелер бөлу, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, кәсіпорындар мен бизнес-құрылымдарды тарту", – деді Сапарбаев.
Өз кезегінде бейінді ҮЕҰ басшылары, сарапшылар мен жұртшылық арасынан құрылған бастамашыл топтардың өкілдері аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған іс-шаралардың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
Отырыс соңында, Министр ведомство аралық деңгейде егжей-тегжейлі пысықтаудан және келісуден кейін барлық ұсыныстар ҚР Үкіметі жанындағы Жұмыс тобына қарау үшін жіберілетінін атап өтті.
Еске сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылдың ақпан айының басында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және табыстарды арттыру, оның ішінде көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі республикалық Жұмыс тобының жұмыс органы болып табылады.