Арал жұртының жүрегі «теңіз» деп соғады. Тілектері де, тіректері де – теңіз. Күнделікті күйбеңде қанша әңгіме қозғалса да, теңіз жайы басты тақырыптан түскен емес. Теңіз болмаса, қу тамақ құрғап, төрт мұхит суалардай шошынады. Сондықтан, Аралдықтар теңізді қасиет көреді. Арал суалғанда ел аңырап көшті, қайта толысқанда алақайлап жүгірді. Оған тарих куә.
Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «ғасыр жобасының» алғашқы кезеңі нәтижелі жүзеге асты. Бүгінгі Кіші теңіздің жағдайы өткен күндерге қарағанда әлдеқайда тәуір. Соңғы кезде САРАТС (Сырдария өзенінің арнасын реттеу және солтүстік Арал теңізін сақтау) жобасы ел арасында сүйінші хабарды көбейтті. «Ғасыр жобасы» аясында Көкарал бөгеті салынды. Осы бөгет арқылы теңіздің солтүстік бөлігіндегі су мөлшері 68 пайызға жоғарылады. Теңіз деңгейі 38-ден 42 метрге дейін көтерілді. Солтүстік Арал теңізі суының тұздылығы 23-тен 17 грамм/литрге дейін төмендеді, су көлемі 15-тен 27 текше шақырымға дейін жетті. Сырдария өзенінің қыс кезіндегі су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін жоғарылады. Теңіз Арал қаласына 75-тен 17-і шақырымға жақындады.Осылай табаны құрғаған Арал тіршілігіне қайта қан жүгірді. Теңіздің у татыған суы бүгінде балға айналды. Сырдарияның арнасы реттеліп, «Қараөзек», «Әйтек» тоспалары жаңартылды. Бұрын теңіз суының тұздылығы 33,8 г/литр болса, қазір оның көлемі үш есеге кеміді. «Ғасыр жобасының» бірінші кезеңінде теңіз суы Арал қаласына 74 қашықтықтан 17 шақырымға дейін жақындаған еді. Жалпы, халық үшін құтты болған жобаның келесі кезеңде де тартар сыйы көп. Мәселен, жаңа маусымда Қазалы және Қармақшы аудандарында су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттері салынады. Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі және өзен сағасындағы жалпы ауданы 34 мың гектар болатын көлдердің барлығы сумен толтырылады. Сонымен қатар, балық аулау көлемі 30 мың тоннаға жетіп, осы салада тағы да үш мыңға жуық жаңадан жұмыс орындары ашылады деп көрсетілген жоспарда. Демек, ғаламат жобаның арқасында жұрт естігемен жаңарулар болатыны айтпаса да түсінікті.
2002 жылдың 6 қазанында Душанбе қаласында Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары Бағдарламаның бірінші кезеңін талқылап, екінші кезеңін бастауға уағдаласты. Осылайша 2003-2009 жылдары екінші кезеңі Аралдың солтүстік беткейін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2009 жылы Қордың Атқарушы комитеті Бағдарламаның 3-кезеңін бастады. Осылайша, «Ғасыр жобасына», «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келді. Адамзат тарихында теңізді екіге бөліп, сақтап қалу тәжірибесі бұрын-соңды болған емес-тұғын. Жобаның маңыздылығы осында.
2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іссапармен Арал ауданына келді. Президент Көкарал бөгетін өз көзімен көріп, ғалымдар мен жобалаушыларға: «САРАТС жобасы іске асқанда Арал қаласына теңіз суы келе ме?» деді. Бұл сауалға мамандар теңіз жиегінің 25-30 шақырым ғана жетпей қалатынын айтты.
«Ендеше, Кіші Аралды теңізден бөліп алып, жағалауды қалаға дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін САРАТС жобасының екінші кезеңін бастағанымыз дұрыс» деп кесіп айтты.
Осыдан былай айтылған шаруаны орындау жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Кіші Аралдың су баспаған жерлерінде сексеуіл ормандары бой көтере бастады. Сексеуілді орман алқаптары жергілікті жердегі азаматтардың белсенділігі арқасында жүзеге асты. Қазір 500 гектар алқапта сексеуіл жайқалып тұр.
Мұндай маңызды істер алдағы уақытта да атқарыла беретіні анық. Өйткені Арал тағдыры – адам тағдыры. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Мадияр Меңдібаев
«Азаматтық журналистер» жобасының мүшесі