Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Сауалнама: Бизнес бастауға не кедергі?

Сауалнама: Бизнес бастауға не кедергі?
Cауалнамаға жауап берген кейіпкерлердің бүгінде бірнеше кәсібі бар. Олар бизнестің қыр-сырын алғашқы кәсібін ашу арқылы үйренген. Рүстем Ермекбай, "Sabyrzhanairyn" киім брендінің негізін қалаушы: Қалтамда ақшам қалмаған кезім де болды [caption id="attachment_99846" align="aligncenter" width="1280"] ©ztb.kz[/caption] Бизнес бастауға деген қорқыныш әр түрлі болады. Мәселен, біреулер "банкрот болатын шығармын, бұл маған табыс әкелмеуі мүмкін" деп қорқады. Кейбіреулері "басқа адамдар не ойлайды?" деп көпшілікке қарауы мүмкін. Осылайша өзін басқа адамдармен салыстырады. Қорқынышты жеңудің басты ұстанымы - жағымсыз ой ойламау. Тек бастағы идеяны жүзеге асыру керек. Табыс әкеле ме деп әр кіріс пен шығынды есептеп отыру да керек емес. Бизнес-план үнемі идеалды болмайды. Сол үшін бастаған ісіңе сену керек. Бизнестегі сәттіліктің басты шарты - қорқынышпен бетпе-бет келу. Санаңдағы сан мыңдаған сұрақтарға жауап беру керек. Қорқыныш - миымызда ғана, оны тек өз-өзімізге сену арқылы жеңе аламыз. Мысалы, өз кәсібім туралы айтып берейін. Оқырмандарға қызық болады деп ойлаймын. Кәсібімізді ашқанда киім саласында тәжірибеміз болған жоқ. Қандай мата алу керек, не тігу керек, кімге тіктірген дұрыс - мұның ешқайсысын білмедік. Бірақ, тәуекел еттік. Айнабұлақ жақтан цех ашып, сонда алғашқы киімдерімізді тіктік. "Әлемді өзгертеміз" деп цехта түнеген кезіміз де болды (күлді). Бастапқыда 20 мың футболка шығарамыз деп қалтада ақшамыз қалмаған кездер де болды. Сондықтан, тәуекел ету керек. Тәжірибе сол арқылы келеді. SabyrzhanAiryn Кәсіп ашамын дегендер үшін кеңес айтып өтейін. Алдымен, жоғарыда айтқанымдай жағымсыз ойды алып тастап, тек тәуекел ету керек. Сосын, кәсіп ашатын салаңыздағы 10 бос орынды жазып, ішінен таңдаған дұрыс. Оны қалай таңдайды? Мысалы, киім тігу, зат сату, салон ашу, т.б. Соның 10-20-сын жазып, әрқайсысына балл қою керек. Яғни, сен бұл саланы қаншалықты жақсы көресің, бәсекелестік қаншалықты мықты, орташа қаражат қанша болады, масштаб жасауға келе ме - осы сияқты сұрақтарға 1-10 аралығында балл қойып шығасыз. Егер салада бәсекелестік көп болса, демек, ақша да молынан түседі деген сөз. Бұл да кәсіп ашу кезінде маңызды. Әрбір салада белгілі бір өту кезеңі болады. Мысалы,  дүкендерге нан күнделікті керек. Өту кезеңі өте жылдам. Ал киім сатуда тендерге қатысатын болсаң, өту кезеңі 6 айға дейін созылуы мүмкін. Осыны да ескерген жөн. Жалпы, кәсіп ашудың негізгі техникалары осы. Ал шын кіріскен адамға қаражат кедергі келтіреді деп ойламаймын. Гүлім Рысқұл, визажист: Бизнес бастауға уақыт пен қаражат тапшы [caption id="attachment_99848" align="aligncenter" width="960"] ©Жеке мұрағатынан[/caption] Бизнес бастайтын болсаң, басы-қасында өзің жүресің. Одан бұрын уақыт мен қаражат молынан болу керек. Қаражатты айналымға салған соң, ақтай алды ма деп оны уайымдайсың. Қысқасы, көп уақыт пен күшті талап етеді. Қазір менде ондай мүмкіндік жоқ. Бір жағы қазір адамдарға салонға барған ыңғайсыз. Көбісі үйіне шақырады. Бұл бизнестің ең жақсы түрі деп ойлаймын. Үйге барсам да, салонда жасағандай ақша табамын. Алла сәтін салса, бұл кәсіпті болашақта кеңейтемін деп ойлап отырмын. Қазір сенбі-жексенбі, қолым бос уақытта бет әрлеумен айналысамын. Әзірге бизнесіме ыңғайлы уақыт осы болып тұр. Өйткені, магистратурада оқып жатырмын. Екінші жағынан мамандығым бойынша тұрақты жұмысым бар. Сол үшін де болар, әзірге шағын кәсібімді кеңейтіп, салон ашуды нақты жоспарыма енгізбедім. Ғани Абадан,бизнес-тренер: Кәсіп ашарда аудиторияны анықтап алған жөн [caption id="attachment_99849" align="aligncenter" width="831"] ©kapital.kz[/caption] Бизнес ашудан қорқатындар өз болашағына сенбейтіндер деп есептеймін. Кәсіп ашарда нақты аудиторияны таңдаған дұрыс. "Менің тәжірибем жоқ" деп қаша беру жақсы емес. Маған кәсіп ашу идеясы универсистетте оқып жүргенде келді. Айлықтың аз деңгейі мені қанағаттандырмады. Өз жұмысыма сай ақша таба алмадым. Сөйтіп, "егер мен өз-өзіме жұмыс істесем, кез келген өзім армандаған ақшаны алар едім" деп ойладым. Алдымен, Мәскеуде достарымызбен шағын бизнес аштық. Яғни, үй көшірісу бизнесін ұйымдастырдық. Біз үшін қызықты тәжірибе болды. Бірақ, бұл біздің елде жүрмейді. Өйткені, мұнда көшетін болсаң, достарың мен туыстарыңа айтасың. Көшу қызметін пайдалану деген мүлде жоқ. Одан кейін компьютерлік клубым болды. Бірақ, жақсы нәтиже бермеді. Өйткені, бірге ашқан туысқаным ақшаны құртты да, аренданы төлей алмадық. Сондықтан, ағайын адаммен жұмыс істемеу керек деп ойлаймын. Бизнесті бірге бастасаңыздар, туыстық қарым-қатынасты бизнеске араластырмауды үйрену керек. Сосын  қаржылық, заңдық қызмет көрсететін "Abadan company" компаниясын аштық. Жер сату, алу қызметімен де айналысамыз. Ақтауда бұл кәсіп жақсы жұмыс істеп тұр. Сондықтан, кәсіп ашарда аудиторияңызды анықтап алған дұрыс. Алмас Нұрланұлы, жас кәсіпкер, блогер: Барлық адам кәсіпкер бола алмайды [caption id="attachment_99853" align="aligncenter" width="788"] ©Жеке мұрағатынан[/caption] Бизнес бастауға ақша кедергі емес. Барлық адам кәсіпкер бола алмайды. Кәсіпкер деген сөздің астарында қаншама сабырлылық, төзімділік жатыр. Қолда бар ресурсты пайдаланып, ақша таба білген адамнан үлкен кәсіпкер шығатынына көзім жетіп жүр. Университет оқып жүргенде кішігірім саудамен айналыстым, мамандығым бойынша кәсіп жасап көрдім. Бизнес бастау туралы 4-курста ойлана бастадым. Себебі, оқу бітірген соң айлық жетпейтінін түсіндім. Бітіріп кеткен адамдардың көпшілігі 1-2 жылдан соң кәсіппен айналыса бастағанын көрдім. Университет бітірген соң мамандығым бойынша Астана, Тараз қаласында 3 ай жұмыс істедім. Бірақ айлық жетпейтінін түсіндім. Айлыққа уақытымды жұмсағанша жарты жыл болса да қиналып, өз кәсібімді ашуды дұрыс деп шештім. Бизнес-курстарда қазір жарнаманың рөлі зор. Көп бітірмесе де, жеке брендін керемет етіп көрсететін тренерлер бар. Бір кездері соларға ұрынып қалдым. Ал кейбіреулері берген қаражатты ақтап шықты. Бизнес-тренингке қатысқаннан соң түсінгенім, ақшаны білімге жұмсасаң содан кішкене болсын пайда алуға тырысады екенсің. Жақында тегін тренингке бардым. Сол күні кездесуде қонаққа үлкен кәсіпкер келді. Ойымда жүрген сұрақтарыма жауап алдым. Тренинг біткен соң танысып, нөмір алмастық. Қазір жақсы таныспыз. Тренингтердің, тіпті тегін тренингтің өзінде де адамдар өзіне керекті нәрсесін ала алады. Бизнес бастауға деген қорқынышым тренингтен соң сейілді. "Көптеген кәсіпкерлер 70-80 % кәсіп әлеміне келгенде елімізде жоқ идеяларды жасағысы келеді. Бірнеше миллион ақшаны сол "жаңа" жобаға құртады. Алайда тәжірибе жоқ, жаңа сала болған соң қайтадан нөлден бастаауға тура келеді. Дәл осы кезде көпшілігі рухани тұрғыда сынып кетеді. Жалпы, курсқа ақша төлегеннен соң бірдеңе үйренуге тырысамын. Еңлік Әбдіқадыр, жас кәсіпкер: Кәсіп бастау үшін ойлау деңгейін өзгерту керек [caption id="attachment_99854" align="aligncenter" width="800"] ©Жеке мұрағатынан[/caption] Бизнес бастауға кедергі келтіретін нәрсе - ойлау деңгейі. Тек қана күнкөрістің қамын ойлайтын адам есебінде ғана ойланса, ондай адамдардың кәсіп ашуы екіталай. Сол үшін кәсіп бастаймын деушілер алдымен ойлау жүйесін өзгертуі керек. Сана-сезіміңізді бизнеске бұрып, ақша табуға деген ойыңызды сендірсеңіз, ол нәтижесін береді. Ақша кедергі емес, тек сылтау ғана. Кәсіп ашқысы келетін адам кез келген жерде жолын табады. Адамда тек құлшыныс болу керек. Біз қазір 50-60 мың теңге тауып, тренингке баруға қиналамыз. Өкінішке қарай, біреуге жалданып, қарызданып өмір сүруге ешқашан қиналмаймыз. Сондықтан, бір рет ақшаңызды беріп, тренингке қатысыңыз. Одан кейін нәтиже шығарып, кәсіп ашатын болсаңыз өзіңізге риза болып өтесіз. Сондықтан, тәуекелге бару керек. Мысалы, мен бизнесімді 24 мың теңгемен тәуекел деп бастап кеттім. Бизнес бастауға ешқандай қорқыныш болмадым. Бүгінгі таңда қомақты қаржы әкелетіндей бизнесім бар. Алғашқысында той ұйымдастыру орталығы болды.Одан кейін өз мамандығым бойынша журналистика курсынан 11-сыныптың оқушыларын дайындадым. Фотостудиям болды. Той ұйымдастыру орталығынан бөлек республикалық "Армандар орындалады" мотивациялық журнал шығарумен айналысамын. Тиражы - 2000 дана. Одан бөлек ұйымдастырушылық қабілетімнің арқасында шоу-бағдарламалар ұйымдастырамын. Ешқандай тренингке қатыспай-ақ жеке кәсібімді бастадым. Бірақ курстарға қатысқанды қолдаймын. Егер білімің жетпей жатса, ары қарай не жасау керек, сату, клиенттерді шақыру, маркетинг, менеджмент, т.б. бәрін үйрену керек.  Ақшаны білімге жұмсаған өте пайдалы. Егер өзіңіздің батылдығыңыз жетпесе, шешім қабылдай алмай жүрсеңіз, тренингке барып, білім алған дұрыс. Уақыт пен ақша ешқашан зая кетпейді. Оған ойланудың еш қажеті жоқ. Жалғасбек Ақболат, студент: Бизнес-тренингтердің пайдасы тиді [caption id="attachment_99855" align="aligncenter" width="814"] ©Жеке мұрағатынан[/caption] Бизнес бастауға қорқыныш пен сенімсіздік кедергі болады. Бизнес-тренерлердің курсына қатыспадым. Олар тек мотивация береді ғой. Ал мен өзім үнемі мотивация іздеп жүремін. Егер сенің белгілі бір білімің болмаса, бауырсақ секілдісің. Бизнес-тренингте нанды емес, бауырсақты дайындап шығарады. Ал адамның қарнын тойдыру үшін сенің нан болғаның дұрыс деп есептеймін. Біздің  Т. Рыскұлов атындағы қазақ экономикалық университетінде арнайы бизнеске байланысты курстар өткізіліп тұрады. Бірақ ешқайсысына қатыспағанмын. Тек 1-2 күндік тренингтерге қатыстым. Олардың пайдасы тиді. Қазір өзіміздің шағын бизнесіміз бар. Болашақта қаржылық сауаттылық тренингін жүргізгім келеді. Сол арқылы халқымыздың білімін көтере аламыз деп ойлаймын.

Похожие материалы