Сәуле Жолдаяқова: Қазақ еліне қызмет ету үшін Жапонияда білім алып жүрмін
"Шетелдегі қазақтар" жобасының бүгінгі кейіпкері - Жапонияда жасыл энергияны зерттеп жүрген қазақ қызы. EXPO-2017 көрмесінде сол елдің сутегі энергиясы туралы баяндама дайындап келген Сәуле Жолдаяқовамен Астанаға келген сапарында сұхбат жасаудың сәті түсті. Күншығыс елінің инновациялық технологиясы, білім жүйесіндегі ерекшеліктер мен нағыз жапондық мәдениет туралы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Сәуле ханым, сізбен сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Америкада, Еуропада жүрген қазақтар болмаса, Жапонияда білім алып жатқан отандастарымыз туралы ести бермейміз. Сіз бұл елге қалай тап болдыңыз?
- Жезқазған қаласында туып өскенмін. Сондағы №8 гимназияның "дарын" сыныбын бітірдім. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыға ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіне оқуға түстім. Екі жарым жылдай сол жерде жапон тілін, мәдениетін, тарихын толықтай меңгердім. Екінші курстан кейін "Болашақ" бағдарламасына тапсырдым. Бірақ мен таңдаған Жапонияда тек техникалық мамандықтар ғана оқытылады екен. Менің де техникалық мамандықты таңдағым келді. Шығыстану да қызық, бірақ мектепте көбіне тереңдетілген математика-физиканы оқығандықтан, техникалық жағы қызығырақ болды. Шығыстануда оқып жүрген күннің өзінде мен сабақтағы тапсырмаларды схема, таблица түрінде дайындайтынмын. Сонда барлығы "сен гуманитарлықта адасып жүрсің" деп айтатын. Ал жанымдағылар қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыған орақ тілді азаматтар болды. Сөйтіп екінші курстан кейін "Болашақ" бағдарламасымен Жапониядағы Tokai University-нің бакалавриатына "эколог" мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол себепті ҚазҰУ-дағы оқуымды тоқтатуға тура келді. Өйткені мемлекеттік гранттың талабы бойынша сен не Қазақстанда оқисың, не шетелде оқисың, екеуінің біреуін ғана таңдау керек болды.
- Неліктен Жапонияны таңдадыңыз?
- Шығыстануда оқып жүргенде мұғалімдер мен жоғары курстың студенттері Жапонияға стажировкаға барып келді. Олардың әңгімесін аузымыз ашылып, ұйып тыңдайтынбыз. Жапонияға жету бір арманым болатын. Жатақханада бір бөлмеде үш жапонтанушы қыз бірге тұрдық. Бізде барлық қабырғада тек Жапонияның суреттері болды. Біз үшін Жапонияға жету үлкен арман болды, жетеміз бе, жетпейміз бе деп ойлайтынбыз. ҚазҰУ да жіберетін, бірақ мүмкіндік аз болды. Жіберсе де бір немесе екі адам ғана баратын. Бағдарламалар аз болды. Қазір қайта мүмкіндіктер көбейген. ҚазҰУ-мен көп университеттер келісімшарт жасаған.
...Қызықты жоба болса, болашақта ірі компаниялардың бірі оны жүзеге асырады. Яғни мен ғылыммен айналыссам, ертең оны шынымен жүзеге асыруға болатынын білемін. Уақыт өте зерттеуім бір архивте шаң басып жатпайды.
- Жапонияға барғандағы әсеріңіз қалай болды? Жаңа ел, бөлек менталитет, қиыншылықтар болған шығар.
- Жапонияға 2010 жылы наурыздың 29-ы бардым. Сол күн ерекше есімде қалған. Қуаныш пен қорқынышты қатар сезінген кез ғой. Біріншіден, өзім көрген Жапония мен ҚазҰУ-да оқыған Жапониям екі бөлек еді. Жапония туралы тек жақсы әңгімелерді еститінбіз. Жапондар сыпайы, олар мәдениетті деп. Мен келген күннің ертесі тілдік мектепке бару керек болды. Таңғы сағат 8.00. Ол барлығы жұмысқа баратын уақыт. Метрода адам ығы-жығы. Сол жерде мені біреу байқамай қағып кетті. Ол менен кешірім сұрамақ түгілі, бұрылып қараған да жоқ. Сонда "мынау ма сыпайы жапондар" деп ойлағаным есімде. Адамдар бір-біріне қарамайды. Әсіресе, Токио - үлкен қала, мегаполис, мұнда бүкіл Қазақстанның халқындай адам шоғырланған. Бірінші кездері барлығына "қайда жанталасып жатырсыңдар?" деп айқайлағым келетін. Басында сондай мәдени шок болды. Тағам жағынан қиын болды. Олардың тамақтарына басында үйрене алмайтынмын. Олар шикі балық жейді - креветка, сегізаяқ неше түрлі. "Бұл не, оны қалай жейді екен?" деп ойлайтынмын. Кейіннен үйренісіп кеттім.
- Сабақ барысы қалай болды? Жапонияның оқу жүйесінде қандай айырмашылық бар екен?
- Айырмашылық өте көп. Жапондар теорияға қарағанда, тәжірибеге көп көңіл бөледі. Менің Жапонияға барарда таңдаған мамандығым эколог-инженер болды. Негізі сол мамандықты дәл Жапонияда оқып жатқаныма қуанамын. Өйткені Жапонияда табиғатқа деген қарым-қатынас ерекше. Олар баланы кішкентай кезінен соған тәрбиелейді. Мысалы, наурыздың аяғында олар сакураны көруге міндетті түрде барады. Ол жақта жыл бойы өсіп тұратын неше түрлі гүлдер бар, саябақтар бар. Кішкентай кезіңнен сен сол табиғаттың сұлулығын көріп өсесің, сезінесің. Жапондарда "табиғатпен бірге болу керек" деген ерекше түсінік бар.
[caption id="attachment_72416" align="aligncenter" width="884"] Сурет Сәуле Жолдаяқованың жеке фото альбомынан алынды.[/caption]Менің мамандығым эколог болғандықтан, кабинетте отыру, жазу деген жоқ. Тауға барамыз, теңізге барамыз. Сабақ барысында Жапонияның солтүстігіндегі Хоккайдо аралынан оңтүстіктегі Окинаваға дейін барлық жерлерде болдық. Сол Окинаваға барып, мұхиттың түбіне түсіп, климаттың өзгерісі коралдарға әсер етіп жатқанын зерттедік. "Мен далада өскен адаммын, жүзу білмеймін, мұхит көрмегенмін" деймін ғой, сонда олар "Сәуле, саған баға керек па? Сен онда не үшін бұл мамандықты таңдадың? Сен экологсың, сондықтан барлығын өз көзіңмен көріп жасауың керек", деді. Сөйтіп судың астына да түсірді. Бірақ олар барлық жағдайды қарастырады. Барлығы қауіпсіз, бұл жағы маған ұнады. Осыған дейін тек океанариумда ғана көрген балықтардың барлығы көз алдымда жүзіп жүрді: оның ішінде теңіз тасбақасынан бастап бәрі бар. Сабақтары өте қызықты өтеді. Зертханада тәжірибені көп жасаймыз, көбіне таңертеңнен кешке дейін созылады. Сосын тек университеттің білімімен шектеліп қалмайсың. Мысалы, конференцияларға барамыз, ол жерде міндетті түрде үлкен компаниялар болады. Өйткені оларға ғылыммен байланыс орнату керек. Жас ғалымдарды, жас мамандарды іздейді. Мысалы, қызықты бір жоба болса, онда болашақта сол компания оны жүзеге асырады. Яғни мен ғылыммен айналыссам, мен ертең оны шынымен жүзеге асыруға болатынын білемін. Кейін бір архивте шаң басып тұрмайды. Сол жағынан Жапониядағы білім жүйесі жақсы деп ойлаймын. Менің Еуропада оқыған достарым да "бізде көбінесе тек теория" дейді. Ал жапондар нақты нәтижеге көп көңіл бөледі.
- Неліктен эколог мамандығы, неге инженер немесе архитектор емес?
- Менен көп адамдар "неге шығыстанудан экологияға өтіп кеттің?" деп сұрайды. Болашаққа тапсырғанда да "Сіз гуманитарлық мамандықта оқисыз, қалайша техникалық мамандықты игермекшісіз?" деп сұраған. Мен сол кезде "әл-Фараби де философ, астроном және математик болған" деген аргумент айтқанмын. Негізінде мектепте жүріп-ақ экологияға қатысты ғылыми жұмыспен айналысқанмын. Ол "Жезқазған қаласында қоқысты қалай сұрыптау керек?" деген тақырыпта болған. Сонда Жезқазған қаласынан қоқысты полигондарға шығаратын компанияға барып "қаладан күніне қанша мусор шығарылады" деп сұраған едім, олар маған "Сен кімсің? Оныншы сыныптың кішкентай қызы, мұнда не істеп жүрсің? Қоқысты қайтесің басыңды қатырып," деп ұрысып тастаған. Сосын амал жоқ Жезқазғанда қанша мусор шығаратынын білу үшін үйдегі шелекті өлшедім, сыныптастарымның үйіндегі шелекті өлшедім. Осылайша, күніне бір шелек қоқыс шығады деп оны халық санына көбейтіп, қанша қоқыс шығатынын анықтадым. Одан кейін "бұл мәселені қалай шешу керек?" дегенде қолымызға сол Жапонияның үлгісі түсті. Сол кезде мен өзім зерттеп отырған қоқыс өңдейтін зауытты кейін өз көзіммен көремін деп ойлаған да жоқпын, әрине. Жетекші ұстазымның өзі география сабағында бізге Жапония туралы көп айтатын. Бұл мемлекет өзі кішкентай, кен орындары болмаса да, осындай ғылыми прогресс жасады деп айтып беретін. Мүмкін содан жүрегімнің бір түкпірінде Жапонияға деген қызығушылық қалып қойған шығар. Менің экология мамандығын таңдауымның тағы бір себебі, Жезқазғандағы мыс зауытының көк түтінін кішкентай кезімнен көріп өскенім болуы керек. Иісі кешке таман бүкіл қаланы алып кетеді. Сол кездері ойлайтынмын, фильтр секілді бір нәрсе орнатуға болмай ма екен деп. Экологияға деген қызығушылық содан да басталған сияқты. Осыдан кейін мен Қазақстандағы экологияны жақсартуға болатын ғылыми жұмыспен айналысқым келді.
Біздің не ұлан-асыр жеріміз жоқ, не табиғи байлығымыз жоқ, бірақ бізде адамдар бар, олардың еңбекқорлығы мен бастары бар, міне, соның арқасында жүрміз.
(жапондар өздері туралы)
- Әлі күнге дейін "Болашақ" бағдарламасымен оқып жатырсыз ба?
- Маған "Болашақ" Жапонияға келуіме мүмкіндік берді. Мен онда бір жыл тілдік курс, төрт жыл бакалавр оқыдым. Оны бітіргеннен кейін зерттеу жұмысымды жалғастыру жайлы ұсыныс түсті. Содан басқа стипендия іздеу керек болды. Нәтижесінде Rotary Club халықаралық ұйымының стипендиясын ұтып алдым. Сөйтіп зерттеу жұмысымды жалғастыруға рұқсат алып, магистратурада оқуымды жалғастырдым. Магистратураны бітірген соң зерттеу жұмысымды одан әрі жалғастыру туралы ой келді, бұл жолы Жапониядағы шетелдік инженер әйелдерге арналған, барлық Жапония бойынша тек бір адамға берілетін стипендияны ұтып алдым. Сол арқылы докторантураға емтихан тапсырып, оқуымды жалғастырып жатырмын. Осылайша, бұл екі ұйымның атынан да стипендия алған алғаш қазақстандық студент болдым.
- Ғылымға келгелі қандай жаңалық аштыңыз? Бізбен бөлісуге қалай қарайсыз?
- Негізі, ғалымдар ғылыми жұмысымен оңай бөлісе қоймайды (күліп). Әрине, идеяларым бар. Мүмкін болса, мен бүкіл Жапонияны Қазақстанға көшіріп әкелер едім. Себебі олардан үйренетін нәрсе өте көп. Біріншіден, жапондар ғылым арқылы ғана экономиканың алға жылжитынын, халықтың да жағдайы жақсы болатынын жақсы түсінеді. Профессордың көмекшісі ретінде мен бакалаврда оқитын студенттерге сабақ бердім. Сол кезде профессорым "Өз еліңді, ғылыми жұмысыңды таныстыратын қарапайым бір презентация жасашы" деп ұсыныс жасады. Сонда "біздің жеріміз кең, әлемде 9-орындамыз, бізде осыншама байлық бар. Бірақ бізде осындай экологиялық проблемалар бар, зауыттар көп, соның кесірінен ауа мен жер, су ластанып жатыр. Энергия жағынан біздің ел тек көмір, мұнай, газға тәуелді" деп айттым. Сонда профессордың айтқаны "Біздің не ұлан-асыр жеріміз жоқ, не табиғи байлығымыз жоқ, бірақ бізде адамдар бар, олардың еңбекқорлығы мен бастары бар, міне, соның арқасында жүрміз",- деді. Сол кездері өзімді біртүрлі сезініп кеттім.
Бізде бакалаврда 2-курсқа дейін жалпы экологияны оқимыз. Оның ішінде, өсімдіктер, жануарлар, Global warming бар, яғни жаһандық жылу үрдісі, соның барлығын бірге оқыдық. Кейін өзімізге қызық болатын зертхананы таңдау керек болды. Мен жаңа баламалы энергия түрлері мен recycle, яғни қоқысты өңдейтін саладағы лабораторияны таңдадым. Сол жерде альтернативті энергия түрлері туралы оқыдық. Жапониядағы recycle жүйесімен жұмыс істейтін барлық зауыттарды араладық. Сонда мен сутегі энергиясы деген нәрсені бірінші рет естідім. Сутегі энергиясы - судан сутегіні бөліп алып, сосын оны энергия ретінде қолдану. Осылайша бұл энергия түріне деген қызығушылық туды. Енді қазір сутегі энергиясын қалай қолдану керек деген тақырыптың аясында "Қазақстанда сутегі энергиясын енгізу жүйесі" атты зерттеу жұмысын жасап жатырмын. Қазір әлем бойынша, әсіресе, Жапонияда сутегі энергиясына көп көңіл бөлініп жатыр. 2011 жылы Жапонияда жер сілкінісі болған кезде, мен сол елде болдым. Сол сәттен бастап, олар атом энергиясын қолданбайды. Жапонияда өзін-өзі энергиямен қамтамасыз ету тек 6 пайыз. Ал Қазақстанда 204 пайыз. Бізде энергия көп. Біз оны экспорттаймыз. Ал жапондар тек импорттайды. Себебі энергия оларда өте қымбат. Сондықтан энергия проблемасын шешу үшін олар қазір сутегіні қолға алып жатыр. 2020 жылы Жапонияда Олимпиада болады. Соған дейін олар Жапониядағы сутегі қоғамының моделін жасамақшы. Олимпиадаға келген қонақтар Жапония сутегіні қалай қолданғанын көрсе, онда оны басқа мемлекеттер де қолдана алатын болады. Міне, барлық әлем сутегіні пайдаланып жатыр, бірақ қазақтар әлі бейхабар. Бізде мұны меңгерген ешқандай маман жоқ. Әлем бойынша ғалымдар сутегіні сақтау мен тасымалдау жағын тыңғылықты зерттеп жатыр. Себебі қауіпсіздік жағынан біраз проблемалар бар.
- Білуімше жапондардың сутегімен жүретін автокөліктерін Астанадағы EXPO көрмесіне алып келуіне де осы проблема кедергі болды.
- Ия, сутегі газ түрінде болса, қысымы жоғары болады, сондықтан ол қауіпті. Сутегіні сұйық күйінде келтіруге болады. Бірақ оны өте төмен температурада сақтау керек, ол үшін тағы да қосымша энергия қажет. Сутегіні қатты күйде сақтауға болады. Қатты күй деген арнайы қоспалары бар металдар, соған сутегіні сіңіру арқылы тасымалдайды. Бұлай тасымалдау қауіпсіз әрі көп мөлшерде сутегіні сіңіртуге мүмкіндік бар. Бірақ ең басты проблема мұндай металл қоспалары өте қымбат, сирек кездесетін металдар ғана. Ал мен арзан металл және Қазақстанда бар металды қолданып, сутегіні сақтайтын қоспаны жасап жатырмын. Егер сутегіні зерттеп, осы қоспаны көп мөлшерде жасауға болса, онда оны тарату мүмкіндігі көп болады.
Жапондарда керісінше, арасында қалғып отыру - сенің түні бойы жұмыс істегеніңнің және шаршағаныңның белгісі, яғни сен тырысып жатырсың дегенді білдіреді.
- Жапониядан нені үйренуіміз керек?
- Біріншіден, еңбекқорлық шығар деп ойлаймын. Олар таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Екіншіден, жапондар тәртіпті. Мен жаңадан Қазақстаннан келіп жатқан студенттерге де айтамын. Бізде өзіне қарағанда тәжірибесі мол адамды "сэмпай" деп айтады, ол өзінен кейінгілерге жол көрсетуі керек. Біздің түсінігімізде ол "крыша" сияқты ғой. Ал жаңадан келген адам "кохай" болып саналады. Менің жаңадан келетін қазақстандық студенттерге "сэмпай" ретінде айтатыным: "Жапониядағы ең басты ереже - ол барлық ережелерді сақтау". Өйткені мұнда тәртіп өте қатал. Тіпті, автобусқа кірердің өзінде бірін-бірі итеріп, "мен бірінші кіремін", деп жанталасу жоқ. Бұл "жазылмаған ереже", бірақ бәрі соған бағынады. Осындай тәртіптің арқасында Жапония ең қауіпсіз елдердің қатарына еніп отыр. Менің өзім бірнеше рет телефонымды, әмиянымды жоғалтып алсам да, бәрібір өзіме қайтып келеді. Кім де кім біреудің затын тауып алса, полицияға апарып береді, ал ондағылар менің деректерімді пайдаланып затымды өзіме қайтарады.
[caption id="attachment_72410" align="aligncenter" width="775"] Сурет Сәуле Жолдаяқованың жеке фото альбомынан[/caption]- Жұмысбастылықтың әсерінен оларда әлеуметтік проблемалар туындамайды ма? Бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтардың бұзылуы секілді.
- Ия, олар еңбекқор халық, бірақ жұмысқа тым беріліп кеткендерін кейде қолдамаймын. Мысалы, бізде студенттер таңертеңнен кешке дейін лабораторияда эксперимент жасап отырады. Олай уақытты босқа өлтіргеннен, одан да пайдалы әсер коэффициентін жоғары қолдану керек. Яғни, бір эксперимент үшін ұзақ уақыт құртқанша, оны барынша тез бітірудің амалын тауып, басқа жұмысты істеген әлдеқайда жақсырақ деп ойлаймын. Менің магистратурадағы группаласым лабораторияға таңғы 5-те келетін де түнгі 12-ге дейін отырып жұмысын істейтін. Сондықтан оның не ұйқысы қанбайды, не жұмысы бітпейді. Эксперимент жасап отырып кейде ұйықтап қалады. Бірақ жапондарда керісінше, арасында қалғып отыру - сенің түні бойы жұмыс істегеніңнің және шаршағаныңның белгісі, яғни сен тырысып жатырсың дегенді білдіреді. Ал мен ондайды түсінгім келмейді. Мен одан да ұйқымды қандырып келемін, бірақ мен сол күні барлық экспериментімді бітіріп, жақсы нәтиже аламын. Маған нәтиже маңыздырақ. Бірақ бізге бәрібір солардың еңбекқорлығы жетіспейді.
- Ал білім жүйесіне келгенде, жапондықтарға қарағанда, біз неден ақсап жатырмыз?
- Бізде, ең біріншіден, ұстаздар мен ғалымдарға жағдай жасау қажет. Мысалы менің профессорым тек зерттеу жұмысымен ғана айналысады, қағазбен шаруасы жоқ. Құжаттармен айналысатын бөлек қызметкер бар. Ал профессордың басты мақсаты студенттерге білім беру және қандай да бір жаңалық ашуға септігін тигізу.
- Біздегідей әмбебап емес қой демек…
- Иә. Бұл да бір Жапонияның ерекшелігі дер едім. Бір адам бір саланың 100 пайыз маманы болуы керек. Ал бізде керісінше, анадан аздап, мынадан аздап білеміз, үстіртін бірақ жан-жақты. Мысалы, ол жақта технолог маманы географияға мүлдем қызықпайды. Ол Қазақстанның қайда екенін білмейді. Бізде де мамандарды дайындауда осы нәрсеге көңіл бөлсе деймін. Бір мамандықты толықтай игерту өте маңызды.
...Оларда достық туралы түсініктің өзі бөлек. Мысалы, екі жапон дос, олар ішінен екеуін жақсы дос деп есептейді. Бірақ түн ішінде біреуінде проблема болып қалса, ол өзінің досын мазалай алмайды. Өйткені ол досының әлеміне кедергі келтірмеуі керек.
- Жалпы Жапонияда мамандарға қандай талап қойылады?
- Жұмысқа тұру оларда басқаша қалыптасқан, салт-дәстүр сияқты. Бакалавр студенті жұмыс іздеуді 3-курстан бастайды. Мысалы, бүкіл Жапония бойынша компаниялар семинар өткізеді. Сол жерге барлық жұмыс іздеушілер қара костюм, қара шалбар немесе белдемше киіп келеді. Сондай киіммен бару керек. Сөйтіп компаниялардың семинарларына қатысады. Ол компания туралы білуің керек. Сосын ол компания өзіңе келе ме, жоқ па? Олардың философиясы, ұстанып жатқан бағыты өзінің өмірлік көзқарасына сәйкес келе ме, жоқ па? Олар осылайша өзіне жұмыс таңдайды. Жапон студенті 4-курсқа дейін 100 шақты компанияны аралап өзіне жұмыс тауып алуы керек. Біздегідей осында жүре тұрамын, сосын ауысып кетемін деу жоқ.
- Ал компаниялар, керісінше, адамдарға қандай талап қояды?
- Мен Toshiba, Hitachi, Panasonic секілді компанияларда тәжірибеден өттім. Олардың әлем бойынша бірнеше бөлімшелері бар. Сонда байқағаным олардың адамдарға қоятын бірінші талабы жаһандануға жақын адам болу. Көп жапондар ондай емес: шетелге шықпайды, қызықпайды. Ал компаниялар, керісінше, шетелге қызығатын, тіл білетін, көп нәрсені үйренгім келеді деген адам қажет деп талап қояды. Басқа бір кішігірім жапондық компанияны алып қарасаңыз, олар басқа елмен жұмыс істемейді. Оған тек сол Жапонияда отырып жұмысын жасайтын адам керек. Шетелге қызықпайтын адам сондай компанияларға барады.
Жапондар, мысалы, ешқашан "жоқ" деп айтпайды. Мысалы, басында мен бір жапонды қонаққа шақырдым. Ол "иә, бір күні уақыт болғанда кездесейік" деді. Олардың "мүмкін" деген сөзі "жоқ" деген сөзді білдіретінін кейін ұқтым.
- Қалай ойлайсыз, біз Жапония туралы нені білмейміз және нені білуіміз керек?
- Бізде Жапонияға қатысты олар сыпайы, еңбекқор деген стереотиптер көп. Бірақ жапондар да адамдар. Олардың да проблемалары бар. Мысалы, кейбір шетелдіктер "жапондар өте тұйық, олар сырттан келгендерді жақтырмайды, сондықтан достаса алмадық" деп айтып жатады. Менің байқауымша оларда достық туралы түсініктің өзі бөлек. Мысалы, екі жапон дос, олар ішінен екеуін жақсы дос деп есептейді. Бірақ түн ішінде біреуінде проблема болып қалса, ол өзінің досын мазалай алмайды. Өйткені ол досының әлеміне кедергі келтірмеуі керек. Біздегідей таныстар іздемейді олар. Тіпті, махаббат деген түсінік те басқаша.
- Махаббат дегенде Жапониядағы әйелдерге деген қатынас ойға келеді. Біздің түсінігімізде олар отбасын құрып, балалы болады, күйеуінің жағдайын жасап үйде отырады. Расында солай ма?
- Иә, негізі Жапонияда ол қалыпты жағдай боп есептеледі. Мысалы, әйел адамдар тұрмысқа шыққан соң міндетті түрде күйеуінің тегін алуы қажет. Бірақ Жапония қазір өзгеріп жатыр. Ұзақ жылдар бойы жабық мемлекет болып келген олар әлемге енді ашылып отыр. Гендерлік саясатқа да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе, әйел адамдар аз саналатын саясат, ғылым салаларында әйелдерге қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен бірге, бала күтіміне байланысты демалыс уақытын қысқарту секілді жеңілдіктер қарастырылған. Астанадан қайтқан соң бір конференцияға қатысамын. Онда тек әйел инженерлер ғана болады және сол әйел инженерлерге үйдің шаруасы мен карьерасын қатар алып жүруге мүмкіндіктер жасау жолы қарастырылады. Мысалы Токионың қазіргі әкімі биік мансапта, басшылықта отырған алғашқы әйел. Бұл да жапондар үшін үлкен прогресс. Қазір премьер-министрдің арнаулы "Әйелдерді қорғау" бағдарламасы бар. Сол арқылы барлық жапондық компания "әйелдерді көбірек жұмысқа алу" деген саясат енгізіп жатыр.
- Жат елде жүріп ғылым қуу оңай шаруа емес. Жапонияны жатырқамауға не көмектесті?
- Жапонияда тіл білу өте маңызды. Менің шығыстануды оқып, Жапонияға келгенім өзіме көп пайдасын тигізді. Өйткені мен олардың тілін, мәдениетін білемін, менде олар туралы жалпы түсінік болды. Сонымен бірге, менің жапонша білгенім өзіме жапондықтарды тануға көбірек мүмкіндік береді. Иә, олардың ағылшынша да, орысша да сөйлейтіндері бар. Бірақ оның ішкі ойын білгіңіз, жанын түсінгіңіз келсе, сіз онымен тек жапонша сөйлесуіңіз керек. Тілдің өзі мәдениеттің бір бөлігі. Жапондар, мысалы, ешқашан "жоқ" деп айтпайды. Мысалы, басында мен бір жапонды қонаққа шақырдым. Ол "ия, бір күні уақыт болғанда кездесейік" деп айтты. Олардың "мүмкін" деген сөзі "жоқ" деген сөзді білдіреді. Басында мен кәдімгідей күтіп жүретінмін.
- Сізді қалай қабылдады?
- Басында сәл түсінбеушіліктер болды. Тобымдағы студенттер менен қорқатын тіпті. Себебі мен жалғыз өзім шетелдік студент болдым. "Сен қайдан келдің, не үшін Жапонияда оқып жатырсың?" деп маған таң қалатын. Оларда шетелге шығу деген қызығушылық жоқ. Олар "әлемде ең қауіпсіз жер - Жапония, бізге одан артық ештеңе керек емес" деп ойлайды. Мен тіл білгенімнің арқасында олармен жақын табысып кеттім. Тағы да бір айта кетерлігі жапон тілін меңгеру барысында қазақ тілін білу өте маңызды. Мен оларға қазақ тілін үйрену жапондар үшін оңай болатынын айтамын, себебі біздің грамматикаларымыз ұқсас. Жалпы қазақ тілін білсең, басқа тілді игеру оңайырақ болатын сияқты. Өйткені біздің дыбыстарымыз әр алуан.
[caption id="attachment_72417" align="aligncenter" width="884"] Сурет Сәуле Жолдаяқованың жеке фото альбомынан[/caption]- Жапон тілінен бөлек бірнеше тіл білетін сияқтысыз.
- Бакалаврда оқып жүрген кезімде испан, түрік тілдерінен сабақ алдым. Қазір кәріс тілін меңгеріп жүрмін. Негізі 4 тілді жиі қолданамын: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын және жапон тілдері. Қазақстанда барлығы орыс тілін біледі десем, жапондар таң қалады. Өйткені олар монохалық қой, жергілікті тұрғындардың 90 пайыздан астамын жапондар құрайды. Олардың кейбірі басқа ұлтты адамдарды тіпті көрмеген, басқа тілде сөйлеу деген мәдениет жоқ.
- Мотивациялық, өзін-өзі дамыту туралы оқырманымызға қандай кітаптарды ұсынар едіңіз?
- Мотивациялық кітаптарды оқымаймын. Себебі ондай кітаптар арқылы дамуға болады деп ойламаймын. Бірақ Роберт Киосакидің "Богатый папа, бедный папа" және "Семь привычек высокоэффективных людей" деген кітаптарын қарап шыққанмын. Менің ойымша, мұндай кітаптарда жазылатын дүниелердің бәрі бір нәрсе - ол уақытты үнемдеу, барлық нәрсеге дұрыс уақыт бөлу деген сияқты. Оның барлығын кітаптан үйренуге болады деп ойламаймын. Бірақ өзім кітап оқығанды жақсы көремін. Кітапты демалу, миым тынығу үшін оқимын. Қазір көбінесе классикаға қызығамын. Сондықтан оқырмандарға кітапты тек мотивация үшін, жетістікке жетудің оңай жолын іздеу үшін ғана емес, кез келген кітапты қолға алып оқи берген жөн дер едім. Кітап оқу процесінің өзі ми жұмысын жақсартады. Ми жақсы жұмыс істесе, жетістікке жете алады деп ойлаймын.
- Сонда өзіңіз қайдан немесе неден мотивация аласыз?- Маған мотивация беретін - ол адамдар. Өзіңді алға ұмтылатын, мақсатына жеткісі келетін адамдармен қоршау маңыздырақ, себебі соларға қарап сен де ұмтыласың, жетесің. Сосын мен автобиографиялық кітаптар мен фильмдерді жақсы көремін. Мысалы, маған үлкен мотивация беретін - Илон Маск, Тесла мен SpaceX компанияларының негізін қалаушы. Меніңше адамдардың проблемасы қандай жаңа киім аламын, қандай тамақ жеймін, жаңа көлікті қалай сатып аламынның айналасында болмауы керек. Мысалы, жұрттың баласы Марсты игеруді ойлап жатыр (күліп). Міне сондай үлкен масштабта ойлайтын адамдар туралы оқыған ұнайды. Оның ішінде Стив Джобс бар, Маргарет Тэтчер мен Нельсон Мандела туралы биографиялық фильмдер мен кітаптарды жақсы көремін. Қарап отырсаңыз, олар да мен сияқты екі аяғы, екі қолы бар адамдар. Бастысы олар өз армандарына сенді, соған ұмтылды, тырысты және соған жетті. Мен осындай шынайы оқиғалардан мотивация аламын. Соңғы кездері маған үлкен әсер қалдырған Марк Цукербергтің Гарвардта айтқан сөзі болды: "Біз өзіміз ғана дамымау керекпіз, маңайымыздағы адамдарға да өз армандарын орындауға мүмкіндік жасауымыз қажет". Бұл өте маңызды. Сен тек өзіңді ғана ойламауың керек.
- Қазақстанға қашан келесіз?
- Бұйырса, 2020 жылы бітіремін.
- Қазақстан сіз секілді мамандарды қабылдауға қаншалықты дайын? Өз мамандығыңыз бойынша жұмыс табу қиын емес пе?
- Қазақстанда сутегі энергиясымен айналысып отырған компания жоқ. Елге қайтқанда да ғылыммен айналысуымды тоқтатқым келмейді. Бізде де сутегіні қолдануға болады. Жапонияда мұндай мүмкіндіктер бар. Мен Қазақстанға сутегі энергиясын енгізу үшін биыл EXPO-ға да әдейі келдім. Осы жерде өзіммен идеялас адамдарды бір ортаға жинаймын. Әрине, Қазақстанда барлығы оңай емес екенін түсінемін. Бірақ мен өзім тырысып бір нәрсе жасап көрмесем ол солай қала береді. Менің басты мақсатым - ең болмағанда тырысып көру. Ертең мүмкіндігім болып еді, соны дұрыс пайдалана алмадым деп өкініп қалғым келмейді. Менің арманым бар еді, ол солай арман күйінде қалды деп отырғым келмейді. Сондықтан мен қолымнан келгенін жасаймын. Егер адам тырысса, бәрі мүмкін. Менің айналамдағылар сондай. Үлкен армандары болды, соған жетті. Мысалы, профессорым сутегімен мен секілді студент кезінен бастап айналысқан. Кейіннен Германияда 8 жыл оқыды. Зерттеу жұмысына 40 жыл ғұмырын арнады. Енді 40 жылдан кейін оның зерттеу жұмысын, жапон үкіметі өте тиімді деп санап, профессорым ойлап тапқан қоспа шығаратын зауыт салуға үкімет ақша бөліп жатыр. Ал мен 40 жыл күте аламын ба, жоқ па, білмеймін (күліп). Одан да жақын арада болады деп сенгім келеді. Таныстарым Қазақстанда өмір сен ойлағандай тәтті бола қоймайды деп айтады, мен оны жақсы түсінемін. Бірақ барлығы Қазақстаннан жағдай жоқ деп кетіп қалса, біз солай ешкімге қажет емес, ешкім білмейтін ел болып қала береміз.
- Демек, Қазақстанға міндетті түрде ораласыз ғой?
- Елге оралу, әрине, ойымда бар. Өйткені мен зерттеу жұмысымды Қазақстан үшін жасап жатырмын. Маңайымызда онсыз да негатив көп, сондықтан жақсы нәрселерді ойлап, соған ұмтылуымыз қажет. Менің маңайымда көзбояушылық, ұрандатып жүретін патриоттар емес, нағыз патриоттар бар. Көп емес, бірақ, бар. Міне, сондай патриоттар жиналып бір нәтиже шығарамыз деп ойлаймын.