Сенат 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерді мақұлдады
Алматы. 17 қазан. 7kun.kz — Сенат депутаттары "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады.
Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2019 жылы ЖІӨ өсімі бұрын бекітілген 3,8% деңгейінде күтіледі. Мұнайдың болжамды бағасын баррель үшін 55 доллар, инфляцияның мақсатты дәлізін – 4-6% деңгейінде сақтау ұсынылады.
"Республикалық бюджет кірісі 94,9 млрд теңгеге өсті. 50 млрд теңге сомасындағы қаражаттың негізгі өсімі мемлекеттік акциялар пакетінің қосымша дивидендтеріне түседі деп күтілуде. Республикалық бюджет шығындарының көлемі 94,9 млрд теңгеге ұлғайды", - деді ол.
Республикалық бюджет тапшылығы бұрын бекітілген деңгейде – ЖІӨ-нің 2,1%-ы сақталған.
"Әлеуметтік блок шығындары 6,7 млрд теңгеге ұлғайды. Шығындарды қайта бөлуді ескере отырып, қосымша қаражат алушылар санының артуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек төлеуге, медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау объектілерінің құрылысын жалғастыруға бағытталды. Нақты сектордың шығындары 15,6 млрд теңгеге артты", - деп атап өтті Смайылов.
Бұдан басқа, бюджетте өнеркәсіпті қолдауға, ТҚЖБ салымшыларына тұрғын үй қарыздарын беруге қосымша шығыстар көзделген.
Өз кезегінде, бюджетті талқылау барысында сенатор Сергей Ершов Қазақстандағы шағын және орта бизнес санының динамикасы және одан күтілетін салық туралы сұрақ қойды.
"Шағын және орта бизнес субъектілерінің санына келетін болсақ, оның үлесі ЖІӨ-нің 28,7%-ын құрайды. Біздің алдымызда 2025 жылға қарай бұл үлесті 35%-ға, ал 2050 жылға қарай 50% - ға дейін арттыру міндеті тұр. Біз келесі жылы осы сектор бойынша салықтың өсуін байқаймыз – бұл 400 млрд теңгеден сәл артық болады. Шағын-орта бизнестен алынатын КТС, естеріңізде болса, біз 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттердің базасына ауысамыз. Менің ойымша, бұл маңызды реформалардың бірі, себебі ол әкімдерді бизнесті барынша дамытуға ынталандырады, өйткені бұл салықтар жергілікті бюджеттерде қалады", – деп түйіндеді Қаржы министрі.