Алматы. 1 сәуір. 7kun.kz - Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты Қарағанды қаласы әкімінің талабын қанағаттандырып, экс-премьер-министр Серік Ахметов пен бұрынғы төрт шенеуніктен 17 миллионнан астам теңгені өндіріп алуды үкім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Қарағандының №2 Қазыбек би аудандық сотынан хабарлағандай, заңды бұзу салдарынан мемлекетке келген шығынды Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбеков пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Айдос Жәкенов өтеуі тиіс.
«Талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Сот жауапкерлерден 17 миллион 310 мың теңге көлемінде материалдық залал сомасын өндіріп алуға үкім шығарды. Аталған сома бес жауапкерден ортақ негізде өндіріп алуға жатады», - деп хабарлады Қарағандының №2 Қазыбек би аудандық сотынан.
Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров өз талабында бес жауапкерден 201 миллион 900 мың теңгені мемлекетке қайтаруды талап еткен болатын.
Талапкердің мәлімдеуінше, Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі болған уақытта жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың құқықтарын шектеу мақсатында құрылтайшылардың бірі өзінің ұлы Данияр Ахметов пен оның орынбасары - туған ағасы Берік Ахметов болып табылатын «Сталь Цинк» ЖШС-ға артықшылықтар беріп келген.
Олар бірнеше жылдар бойы Қарағанды қаласының көшелерін жарықтандыратын бағандарды ауыстыру бойынша тендерлер ұтып, мемлекеттік тапсырыстың негізгі мөлшерін жоғары бағамен өздеріне алып отырған. Серік Ахметовке қылмысты жасауға қоластындағы төрт қызметкері көмектесіп келген.