Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Серпін» - талай жасқа берілген мүмкіндік

«Серпін» - талай жасқа берілген мүмкіндік

Бүгінде оқимын деген өрелі жасқа мүмкіндік көп. Оған мемлекет тарапынан жыл сайын грант санының көбейіп жатқанын айтуға болады. Төрт жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Серпін» бағдарламасы бойынша жастар еліміздің солтүстік өңірлерінде білім алуда. Бұл бағдарлама бойынша былтыр 4 мың грант бөлінген. Қазір «Серпін» бойынша білім алған жастар жұмыспен қамтылып, жеке кәсіптерін ашып жатқанын айта кеткен жөн. 

«Серпін-2050»  әлеуметтік  жобасы  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстан-2050»  стратегиясында айқындалған  басымдықтарды  жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіреді. Стратегияға сәйкес, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті  болмақ. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне  арнап «Мәңгілік ел жастары-индустрияға!»  әлеуметтік  жобасын ұсынған  болатын.  Бұл жоба  «Серпін-2050» деп аталады. Негізі бұл жобаның екі маңызды тұсы бар.

Біріншісі – экономикалық. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен және сыртқы жаққа көшіп-қону басым болғандықтан, кадр тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселенің өзектілігі жылдан-жылға ушығып барады. Алдағы жылдарда индустриялы- инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айырықша байқалады. «Серпін-2050» жобасы арқылы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп, жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бойынша білім беріп, сол жерде жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешу.

Екінші маңызы –  әлеуметтік түйткілдерді шешу. Бір айта кетерлігі, бағдарлама студенттерге білім берумен қатар, жергілікті жерге тұрақтандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

2014 жылы «Серпін» жобасы бойынша 2050 талапкер оқуға түссе, үстіміздегі жылы «Серпінге» бөлінген арнайы  грант 3-есеге өсіп, 6200-ге жетті. Олардың 5000 орыны   19 жоғары оқу орындарындағы 61 мамандық бойынша бөлініп, 1200 орыны 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына (колледж) 47 мамандық бойынша берілді.

Жоба шеңберінде еңбек күші тапшы өңірлерде еңбек ресурстары басым өңірлердің жастарын сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жобаға Алматы, Жамбыл, Оңтүстік-Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының 11 сынып бітірушілері қатыса алады. Барлығы   5000 білім беру гранты   9 облысқа 60 мамандық бойынша бөлініп отыр, оның ішінде 1500 грант «Білім» бағыты, 3000 грант «Техникалық ғылымдар», 300 грант – «Ауылшаруашылық ғылымдары», 200 грант – «Мал дәрігерлік».

Жастардың техникалық-кәсіптік мамандық алуына көмектесу, оларды жоғары жалақылы жұмыспен қамтамасыз ету, жастарды адал еңбекке ынталандырудың жолын табу – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселе. Бағдарлама бойынша грант иегерлері стипендиямен, жолақысы және жатақханамен, киіммен және жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.

Бұл бағдарламаға бұрынғы жылдары мектеп бітіргендер де қатыса алады. Қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтардың көпшілігін колледждер дайындап келеді. Мысалы:   тамақтандырудың техник-технологы, ақпарттар жүйесі, тау-кен технологиясы, темір жол, байланыс, көлік және коммуникация секілді өзге де салалар бар.

 «Серпінмен» оқуға түскен жағдайда қосымша екі үлкен кепілдік бар.

Біріншісі, жатақханамен оқуды бітіргенге дейін толық қамтамасыз етіледі. Жалпы грантпен оқу түскендерде ондай кепілдік жоқ.

Екіншісі, егер оқу бітірген соң сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда, жұмыспен толық қамтамасыз етіледі.

Яғни, қиналмай-ақ жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндік бар.

«Серпінмен» колледжге түскендердің басқа колледж гранттарынан айырмашылығы, жылына 2 рет жол шығындарының төленеді және қыстық киімдерін алуға 60 мыңнан астам теңге бөлініп, барлығына 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі.

Мұнда да оқыған өңірінде қоныстанып қалған түлектерді жұмыспен қамту жан-жақты қарастырылған. Жоғары оқу орыны болсын, колледж болсын жоба бойынша жастарға дуальді білім беру, болашақ жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатып, тәжірибелерді сол мекемелерде өту арқылы келешекте жұмыс таңдау мүмкіншіліктерін беру талабы қойылған. Нәтижесінде оқып жүріп болашақ жұмыс беруші мекемелерде тәжірибе жинаған жастар, оқу бітірген соң солжерге оңай жұмысқаорналасып, ортаға тез сіңісіп кетеді.

Сонымен қатар, «Серпін-2050» жобасы бойынша жоғары оқу орыны мен колледждерге түскен жастарға арнайы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Жоба бойынша оқып жүрген барлық жастар арнайы құрылған «Серпін» әлеуметтік ұлттық қорының белсенділері болып табылады. Басты мақсат - оларды біріктіру, жеке қасиеттерін дамыту, дәстүрлі ұлттық тәрбиемен қатар нарықтық заман талаптарына сай келетін қасиеттерін қалыптастыру.

Айта кетерлігі, колледждерге түсу үшін бұл оқу орындары орналасқан өңірлерге барудың қажеті жоқ, талапкерлерді көшпелі қабылдау комиссиялары қабылдайды. Бүгінде «Серпін» жобасының грантына ие болған жастар сол өңірде қалып, отбасын құрып, тіпті жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Бұл еліміздің саясатына да өз жемісін беруде. Яғни, жергілікті жерде қазақтілді ортаның қалыптасуына септігін тигізіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге таптырмас мүмкіндік.

Похожие материалы