Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

ШҚО-дағы ТҚЖБ-ның 80 000 клиенті мемлекет сыйлықақы алады

ШҚО-дағы ТҚЖБ-ның 80 000 клиенті мемлекет сыйлықақы алады

Алматы. 21 желтоқсан. 7kun.kz – 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысында 80 000 адам мемлекет сыйлықақысын алады. Бұл – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салым ашқан аймақ тұрғындарының саны. Олардың 21 000-ы келісім-шартты 2017 жылы ресімдеген. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шығыс Қазақстан облыстық филиалы қызметінің жыл қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында Қызмет көрсету орталығының басшысы Аслан Самжанов осы және басқа да деректер туралы айтып өтті.

"Бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымдар бойынша 13,3 пайызға дейін баратын ең тиімді мөлшерлеме ұсынып отыр. 2 пайыздық негізгі мөлшерлемесі бар депозит бойынша мұндай табыс дәл осы 20 пайыз көлеміндегі мемлекеттің сыйлықақысы есебінен қалыптасады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен, басқаша айтқанда 453 800 теңгеден аспайтын сома бойынша есептеледі. Яғни, жыл бойы біздің клиент осындай сома жинаса, не оны бірден шотына салса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 90 760 теңгеге тең ең үлкен сыйлықақыны алады, - деп түсіндірді Аслан Самжанов.

Осы уақытқа дейін 10 000-нан астам аймақ тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 40,6 млн теңгеге заем алып, тұрғын үй жағдайларын жақсарта алған. Займшылардың жасы, негізінен, 30 бен 40-тың аралығында. Ресімделген барлық несиенің 75 пайызы коммерциялық нарықтан пәтер сатып алуға берілген екен.

2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында банктің 105 салымшысы баспаналы болған. 2018 жылы тағы 430 облыс тұрғыны жаңа үйдің иесі атанады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек аймақтық тұрғын үй бағдарламасының көмегімен 372 пәтерден тұратын 7 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

Похожие материалы