Шахтадағы жарылыс: «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы 100% кінәлі деп танылды
Қарағанды облысы. 23 қараша. 7kun.kz – Қарағанды облысы Шахтинск қаласы Ленин атындағы шахтада бес кеншінің өмірін қиған апатқа байланысты тергеу аяқталды. Комиссия жарылыс үшін жауапкершілікті «АрселорМиттал Теміртау» басшылығына жүктеді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин тергеудің қорытындысын хабарлау барысында Ленин атындағы шахтадағы апатқа метан мен көмір шаңының көп шоғырлануы себеп болғанын, соның салдарынан тұтану туындағанын айтты.
Оның сөзінше, тергеу барысында көмір департаментінің, шахтаның инженерлік-техникалық қызметкерлері тарапынан тиісті бақылаудың болмағаны анықталды.
«Шығарындылар қауіпті учаскенің болжау қызметінің штаты тау-кен шеберлерімен қамтылмаған, іс жүзінде 13 адам болған, ал есеп бойынша 25 адам болуы тиіс. Сондай-ақ, аэрогазбақылау қызметінің штаты да қамтылмаған. 16 электрослесарь болған, негізі 25 болуы керек», – деп атап өтті Юрий Ильин.
Заң бұзушылыққа жол берген 26 адамды анықталды. Олардың қатарында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Бижу Наир мен Көмір департаментінің директоры Гельсон Батиста бар.
Министрдің айтуынша, арнайы тергеу материалдары полицияға тапсырылып, соңғы процессуалдық шешім сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қабылданады.
«Комиссия қызметкерлердің кінәсі 0%, жұмыс берушінің кінәсі 100% екенін анықтады. Жұмыс барысында еңбек заңнамасын бұзуға жол берген жауапты тұлғалар тобы белгілі болды», – деді ол.
Еске салайық, жуырда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Ленин атындағы шахтасында газ жарылуы салдарынан 5 жұмысшы қаза тапқан болатын.