Алматы. 9 қазан. 7kun.kz — Биыл Шарын шатқалында алғаш рет қысқы маусым ашылады. Ал келесі жылы ұлттық паркте екі туристік бағыт іске қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шарын шатқалына табаны бір рет тиген туристтің қайтып айналып келері сөзсіз. Оны өздері де мойындайды. Тілшілер тобының алдынан экскурсиялап Эстония, Үндістан, АҚШ пен Польшадан келген саятшылар шыға келді. Араларында үшінші рет кең байтақ қазақ өлкесін көруге келгендер бар.
«Бұл енді ғажап көрініс, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір нәрсені нашар деп айтуға аузым бармайды. Мұндағы адамдар да мейірімді, көңілді», - дейді Эстониядан келген турист Ян Конкс.
«Мен Қазақстанға алғаш рет келдім. Көптен бері келуді армандадым. Табиғаттың сұлулығында шек жоқ, мынау шатқалдар, мұндағы ауаны жұтынудың өзі ғанибет. Ас-ауқаты деген дәмі тіл үйіреді», - дейді Үндістандық турист Бил Дэвид.
Қазір Шарын шатқалында жүретін бір ғана жол бар. Ұзындығы 3 шақырымды құрайтын жолмен жылына кем дегенде 10 мың адам жүріп өтеді. Ұлттық парктің мамандары, келесі жылы тағы екі маршрут ашуға ниетті екендіктерін жеткізді. Өйткені, сұраныс күн санап артып келеді. Қытайдан Қазақ жеріндегі тұмса табиғатты көруге Димаш Құдайбергеннің өнері тікелей әсер етті дейді көрші елдің саяхатшылары.
«Кейбір қиындықтардың туындағаны рас. Шекарадан өтетін кезде тіркеу қағазын толтыратуда қиындық болды. Сондай-ақ, әр қалаға кірер алында нұсқаулықпен танысып шығу қажет болды. Қазақстанды аралауға Димаштың өнері жетеледі», - дейді келесі бір турист.
Ұлттық парк қызметкерлері соңғы 5 жылда Шарын шатқалына келушілердің қатары артқан дейді. Былтыр 15 мың турист келсе, осы жылдың 9 айында 18 мың саяхатшы ат басын бұрған. Мұнда кем дегенде 50 шақты маман жұмыс істейді.
«Мұнда келген туристерге ыңғайлы жағдай жасалған. Келген адамдар әлеуметтік желі де көп шығарады. Содан кейін адамдар көптеп келуде. Ұлтық парк күннің ыстығын да, жауын кезінде туристер отыратын ағаштан беседка жасап қойған. Маршурт бойынша орындықтар қойылған. Жаяу жүруге қиналатын адамдарға көліктер бар», - дейді «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» туризм бөлімінің маманы Максим АКРАМОВ.
Өкініштісі, шатқалда электр қуаты мен мобильді байланыс жоқ. Жарықты тарту үшін 380 вольтты электр сымын жүргізу керек екен. Сондықтан, демалыс орнындағы мамандар рацияны пайдалануда. Егер, туристерге алғашқы медициналық көмек қажет болса, ұлттық парктің мамандары көмектесуге тас түйін дайын екендіктерін алға тартты.