Астана. 7 қараша. 7kun.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов Қазақстан территориясында ет өнімдерін тасымалдауға рұқсат беру үшін ай сайын пара алып отырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлады.
«Тергеу кезінде анықталғандай, Сақташ Қасенов пен оның сенімді өкілі Е. Решетько кәсіпкерлерді Қазақстанда импортталатын өнімдердің әр килограмына ай сайын ақша төлеуге мәжбүрлейтін нақты жарна белгілеген», — делінген ведомство таратқан хабарламада.
Сақташ Қасеновтың заңсыз әрекеті кезінде, яғни 2016 жылдың мамыр-қазан аралығында Қазақстанға еш кедергісіз 7,4 мың тонна құс еті әкелінген. Қасенов пен Решетьконың алған парасының көлемі - 37 млн теңге.
«Сақташ Қасенов "заңсыз жолмен" алған ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Сондай-ақ, осы жылдың қазан айында салоннан Toyota Land Cruiser 200 маркалы автокөлігін сатып алған», — деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта Қасенов сот санкциясымен тұтқындалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Сақташ Хасеновке Қазақстан аумағына ет өнімдерін әкелуге рұқсат беретін қылмыстық схема құрған деп "айыпталды". Ол 5 млн теңге көлемінде кезекті параны алып жатқан кезде ұсталды.