Астана. 19 қазан. 7kun.kz – 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген көліктерді заңдастыру үшін алынатын бірыңғай алымның мөлшері бекітілді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Мәжілістің жалпы отырысында Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Құжатта шетелдік автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін бірыңғай алымның мөлшері көзделген.
«Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді заңдастыру үшін 200 000 теңге мөлшерінде төмендетілген бірыңғай алым мөлшерлемесін белгілеу ұсынылады. Бұл халыққа автомобильдерге меншік құқығын тіркеуге және болашақта бюджетке көлік салығын төлеуге мүмкіндік береді», – деді мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов.
Механикалық көліктердің санаттарын, алым мөлшерлемесін қолдану тәртібін, шарттары мен мерзімдерін үкімет айқындайды.
Мәжіліс заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жолдады.