Алматы. 2 тамыз. 7kun.kz — Қостанай облысында 30 млн долларға сиыр етін өндіретін және өңдейтін зауыт салу жоспарлануда, деп хабарлады Kazakh Invest-те.
Ақпаратқа сәйкес, жобаны канадалық Sure Good Foods компаниясы Латвияның Bridge холдингінің кәсіпкерлерімен бірлесіп жүзеге асырады. Кәсіпорынды 2020 жылға дейін салуды жоспарлап отыр.
"Жобаны жүзеге асыру аясында сиыр етін өңдеудің толық циклын ұйымдастыру жоспарлануда. Оның ішінде бордақылау алаңын құру, мал сою, буып-түю, мұздату және өнімді сақтау орны бар", - делінген хабарламада.
Зауыт жылына 15-20 мың тонна дайын өнім шығарады. Ол үшін кәсіпкерлер жыл сайын 42 мың бас малды союды жоспарлап отыр.
Канададан келген инвесторлар өндіріс жұмысына жергілікті фермерлерді тарту жоспарланып отырғанын айтты. Бұл жұмыспен қамту пайызын және халықтың табыс деңгейін, жергілікті фермерлер мен кәсіпкерлердің құзыретін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ өткізу нарығын кеңейтеді.
Сондай-ақ, бұл жоба табысты жүзеге асырылған жағдайда инвесторлар қой мен шошқа етін қайта өңдеу зауыттарын құру және өндірісті кеңейту мүмкіндігін қарастыратынын атап өтті.