Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Шетелдіктерге арналған «көші-қон ХҚКО» ашылады

Шетелдіктерге арналған «көші-қон ХҚКО» ашылады

Алматы. 20 желтоқсан. 7kun.kz – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көші-қон мәселесіне қатысты халыққа қызмет көрсету орталығын (ХҚКО) іске қосады. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту мақсатында аз уақыттың ішінде Қазақстан бойынша тағы төрт фронт-офис ашылады.

Бұл туралы бүгін мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов Үкімет отырысында мәлімдеді.

«2017 жылы Астанада шетелдіктерге көші-қон мәселесіне қатысты қызметтер көрсететін ХҚКО және Көкшетау мен Семейде автокөліктерді тіркеу және жүргізушілік куәлігін беру қызметін көрсететін фронт-офистер ашамыз. Ал 2018 жылдың басында Орал мен Атырау қалаларында да дәл сондай мамандандырылған ХҚКО ашуды жоспарлап отырмыз»,- деді Оспанов.

Жыл аяғына дейін іске қосылатын Көші-қон ХҚКО-да құжаттарды қабылдау және тіркеу қызметтерін «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандары көрсетеді. Нәтижесінде, көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер де «бір терезе» принципі бойынша бекітілген стандартқа сай ұсынылатын болады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік корпорация аясында Қазақстан бойынша 349 фронт-офис пен 637 бэк-офис, 12 мамандандырылған ХҚКО мен 70 мобильді ХҚКО жұмыс істейді. Мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері ретінде құрылған ұйымның 21 мыңға тарта маманы халыққа жылына 37 миллионнан астам қызмет көрсетеді.

Мемлекеттік қызметтердің дені ХҚКО бөлімшелері, яғни фронт-офистер арқылы көрсетіледі. Бэк-офистер зейнетақылар мен жәрдемақыларды есептейді, жылжымайтын мүліктің техникалық сипаттамасы мен жер кадастрын жүргізеді, жердің топырағы мен агрохимиялық зерттеуін жасайды. Мобильді ХҚКО мемлекеттік қызметтерді шалғай елді-мекендердің тұрғындарына ұсыну үшін құрылған. Ал мамандандырылған ХҚКО автокөліктерді тіркеу және жүргізушілік куәлігін беру қызметін көрсетеді.

 

Похожие материалы