Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға жер беруге тыйым салынады

Шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға жер беруге тыйым салынады

Астана. 13 сәуір. 7kun.kz - Жерді пайдалану жөніндегі міндеттемелер мен жауапкершілік күшейтіледі, деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев парламент мәжілісінде. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

«Ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуы жөніндегі міндеттемелерді орындау бойынша жер учаскесін жалға беру шартының үлгісі бекітіледі. Жалға берудің үлгілік шартында жалға алушының жерді пайдалану жөніндегі міндеттемелері мен жауапкершілігін күшейту көзделген. Шартта жалға алушының конкурстық ұсыныста көрсеткен міндеттемелері мен алға қойылған ниеті қамтылады. Бақылауды күшейту мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау үлгілері қарастырылады», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемде бір қолға берілуін болдырмау үшін әр аймақта қазақстандықтарға берілуі мүмкін ең жоғары жер көлемін белгілеу көзделген.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі уақытта тиісті есептеу әдістемесін әзірлеп жатыр, онда еліміздің әрбір өңірінің жағдайы мен ерекшелігі ескеріледі. Бұдан басқа, заң жобасында шекаралық белдеу және шекара аумағында орналасқан жер телімдерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдіктер қатысатын заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Мемлекеттік шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке де, пайдалануға да берілмейді. Аталған аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін жергілікті халықтың мұқтаждықтарына жайылым, шабындық ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Мемлекеттік шекара аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына уақытша жер пайдалану құқығына беріледі»,-деді Нысанбаев.

Похожие материалы