Шетелге көшкендер зейнетақы қорынан 100 млрд теңгеге жуық қаражат алып кеткен
Алматы. 5 наурыз. 7kun.kz - Зейнетақы қорының мәліметтері бойынша, 2015-2018 жылдары шетелге көшкен 81 мың салымшының шоттары жабылған. Олар алып кеткен қаражат көлемі 100 миллиард теңгеге жуық.
Ресми статистикалық ақпараттардан, сондай-ақ БЖЗҚ ұсынған деректерден эмигранттардың саны жыл сайын өсіп жатқанын байқауға болады. Ал иммигранттар саны қысқарған. Бұл өз кезегінде көші-қон сальдосының теріс мәнді көрсетуіне алып келді. Елімізден кеткендердің саны қоныс аударғандарға қарағанда 3 есе көп.
Өтініш берген жылы | Алушылар саны (бірлік) | Зейнетақы төлемдерінің сомасы (млрд. теңге) |
2015 | 17 286 | 14,7 |
2016 | 19 291 | 21,7 |
2017 | 20 706 | 26,8 |
2018 | 23 569 | 35,9 |
*Қоныс аударуына байланысты өз жинақтарын алған адамдар туралы БЖЗҚ деректері.
«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаеваның айтуынша 2018 жылы зейнетақы төлемдерін шетелге қоныс аударуына байланысты алғандардың тек 46,6%-ы елден тыс жерге шығуды ресімдеді.
Сәуле Егеубаева олардың жартысынан астамы Қазақстаннан ертерек, 2000 жылдан бастап көшкенін атап өтті. Белгілі болғандай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес эмигранттарға жинақталған зейнетақы қаражаттары басқа елдің азаматтығын алған жағдайда ғана беріледі. Шетелде тұру БЖЗҚ-нан жинақ алуға негіз бола алмайды.
Көші-қонның теріс сальдосы
Ресми статистика халықтың сыртқы көші-қоны туралы не айтады?
Мемлекеттік статистика комитетінің бюллетенінде соңғы есепті жыл - 2017 жыл. Сондықтан тек осы деректерді ғана қолданамыз.
2015-2017 жылдар аралығында Қазақстаннан 102 мың адам кетті. Көшіп келгендер саны - 46 мыңға жуық.
Қазақстандықтар қайда кетті?
Шетелге қоныс аударғандардың 89 мыңға жуығы Ресейге, 7,8 мыңы Германияға бағыт алған.
Қазақстанға кімдер келді?
Бірінші орында - Өзбекстан азаматтары. 17,5 мың адам қоныс аударды. 12 мыңға жуық ресейлік тұрғылықты мекен-жайын Қазақстанға ауыстырған. 2015-2017 жылдары елімізге 6,3 мың қытай азаматы көшіп келген.
2018 жыл бойынша біз нақты реципиент елдерді көрсетпей, сыртқы көші-қонның жалпы ресми деректерін ғана келтіре аламыз.
Өткен жылы Қазақстаннан 41,8 мың адам көшіп кетті. Олардың 37,7 мыңы ТМД елдеріне тұрақтады.
2018 жылы келген имигранттар саны - 12,7 мың. Қазақстанға қоныс аударғандардың 10 мыңы - ТМД елдерінен.
Ресей статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2018 жылы Қазақстан көші-қон бойынша донор елдер арасында екінші орынды иеленген.
Біздің отандастарымыз Ресей халқын 26,5 мың адамға арттырды. Бұлардың барлығы - экономикалық белсенді азаматтар. Зейнеткерлік жастағы адамдар саны 2 245 ғана болды.