Шілдехана - нәрестенің дүниеге келу құрметіне арналған той, сәби өміріндегі алғашқы той. Бесік той - сәби қырқынан шығарылғаннан кейін жасалатын той-думан. Осы іспеттес маңызды оқиға мен тойларға қатысты қазақтың түрлі салт-жоралғылары, қонақ күту рәсімдері бар. 7kun.kz осындай тойды өткізу үшін қанша қаржы жұмсалатындығын топшылап, есебін назарларыңызға ұсынады.
Шілдехананы жеке той қылып өткізетіндер бар. Бірақ көпшілік шілдехананы қырқынан шығарумен, бесік тоймен, не болмаса тұсау кесермен біріктіріп өткізуді жөн көреді. Шілдехана мен бесік той бір-біріне етене оқиға болғандықтан, осыларға қатысты есепті ұсынып отырмыз. Бұған қоса нақты болған тойды негізге алдық - Бейімбетова Айман апамыздың тұңғыш немересінің құрметіне өткізілген шілдехана, бесік тойы.
Шілдеханаға шақырмай барады
Шілдеханаға туыс-туған, дос-жаран, алыс-жақындағылар шақырусыз келеді. Келген адамдар ақ тілектерін айтып, шамаларына қарай сыйлықтарын береді. Дүние келген сәбидің отбасы (әкесі мен анасы, ата-әжесі, ағайындар және т.б.) думан жасап, қуаныштарымен бөліседі.
Шақырмай барады дегенмен, той мейрамханада жасалатын болса, орын саны мен азық мөлшерін есептеу үшін нақты кім келетінін біліп алған жөн.
Айман апай Алматы іргесіндегі ауылда тұрғандықтан, олар сондағы кафені шара өткізу үшін жалға алған. Жалға алу 100 мың теңге тұрады. Ал тағамдардың көбісін үйден дайындап, алып барған.
Бұған дейінгі жазбаларда қала мейрамханаларын негізге алғандықтан, бұл жолы да қала мейрамханалары ұсынатын орташа бағаларды есепке алдық.
Сый-сияпат
Айман апайымыздың айтуынша, құдалары Оңтүстік Қазақстан өңірінен екен. Сәбидің дүниеге келу құрметіне нәрестенің нағашы жұрты бесік пен өзге киітін алып келіпті.
Дәстүр бойынша Айман апайымыз да құдағиға алтын тартып, бесік алып келуші жаққа күміс әшекейлер сыйлаған. Осындай зергерлік бұйымдарды (жүзік, білезік), өзге мата-кездемелерді сатып алуға жұмсалатын қаражатты есептей жүріңіз.
Сәбиді бесікке бөлеу үшін елге сыйлы әжейлер шақырылады. Осы кісілердің игі істері үшін де кәде-сый қарастырған жөн.
Тыштырма
"Тыштырма" немесе "тыштыма" деп аталатын бұл дәстүр көп шығынды қажет етпейді. Таза ырым.
Бала бесікке бөленбес бұрын бесікке бөлеуші әже шашу ретіндегі түрлі тәттілерді, ұсақ сыйлықтарды, тиын-тебенді араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен тастайды. Әйелдер, әжелер шашуды жинап алып, балаларға таратады. "Сіздердің де ұл-қыздарыңыздың бесік тойларына жеткізсін!" деген тілекпен беріледі.
Тойды басқару
Айман апайымыз немересінің бесік тойын басқару үшін інісін шақырған. Сол себепті бұл жағынан шығын көрмеген. Сізде мұндай ініңіз не болмаса танысыңыз болмай қалса, асаба мен музыкантты шақыруға тура келеді.
Естелік
Осындай айтулы оқиғалар есте қалатындығы белгілі ғой. Ал қазіргі заман техникасы мұның бәрін сапалы видео мен фотоға түсіруге мүмкіндік береді. Қолданып қалайын десеңіз, мұндай қызметтер де ұсынылады.
Осыған дейін айтып келгенді дөңгелетіп алып, орта есебін шығарып, төмендегі кестені ұсынамыз. Шілдехана, бесік тойын өткізу үшін осыншама қаражат жұмсауыңызға тура келеді:
*Ескерту: бұл орташа есеп, бұдан арзан немесе қымбат той ұйымдастыруға болады. Бұл есеп Алматы қаласы бойынша жүргізіліп отыр. Сәйкесінше ауыл-аймақтағы, басқа қаладағы бағаларға сәйкес бұл кесте біршама өзгеруі мүмкін. Бұған қоса, әр өңірдің, әр жұрттың салт-дәстүрлері өзгешеленеді. Осыған орай қосымша шығын қарастырылуы мүмкін, не болмаса, керісінше, кейбір тұстарды есепке алмай-ақ қоюға болады.
Тәжірибесімен, ақпаратпен бөліскені үшін Бейімбетова Айман апайымызға алғысымызды білдіреміз!
Біздің сайтымызда сіз сондай-ақ Үйлену тойының және Ұзату тойының бюджеттерімен таныса аласыз.
Дайындаған Алмас Өтебай "7"