Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Шолу: ҰБТ-2015 қалай өтті?

Шолу: ҰБТ-2015 қалай өтті?

Республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) аяқталды. 2-8 маусым аралығында ҰБТ 165 бөлімшеде өткізілді. 7kun.kz биылғы жылдың осы тақырыпта шолу ұсынады.

ҰБТ-2015: Өзгерістер

Биылғы ҰБТ-ға біраз өзгерістер енгізілді. Тестілеу нәтижелері шифрленді. Яғни, осы жылы ҰБТ-дан соң ілінетін тізімдерде талапкердің аты-жөнінің орнына жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жазылады. Бұл өзгерісті енгізуге ҰБТ-дан соң біршама талапкерлердің суицидке баруы себеп болып отыр. Тест тапсыру бөлімшелерінің саны көбейді. Мұның нәтижесінде бір аудиторияда 600 талапкер ғана отыратын болды. Бұрын бұл көрсеткіш 800-ге дейін баратын-ды. Сонымен бірге, арнайы комиссиядан бөлек, министрліктің атынан келген арнайы бақылаушылар тест барысын қадағалап отырды. Осы жылдан бастап ҰБТ нәтижелерін testcenter.kz сайтынан онлайн қарайтын мүмкіндік пайда болды. Бағалау жүйесіне де өзгеріс енгізілді. Бұрын тестілеуде алған бағасы аттестатқа қойылатын болса, енді соңғы жылы алған бағасы мен тест нәтижесі бойынша аралық баға шығарылатын болады.

ҰБТ-2015: Тест базасы

Осы жылы тест тапсырмаларының базасы келесідей толықты: физика - 35%, биология - 30%, география - 30%, дүниежүзі тарихы - 27%, химия - 21%, ағылшын тілі бойынша - 20%. Тест тапсырмаларының базасы неміс, француз, қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті пәндері бойынша 7-8%-ға, міндетті пәндер базасы 25-30%-ға жаңарды. 2015 жылы тестілеуге 12 жылдық білім беру бағдарламасы бойынша 341 түлек қатысқан. Оның ішінде 236 түлек қазақ тілінде, 105 түлек орыс тілінде тапсырған.

ҰБТ-2015: Нәтиже

2015 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 79,4-ды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға (76,9) жоғары. Сонымен бірге, осы жылы 100 баллдан жоғары жинаған оқушылар қатары да 2,4%-ға артып, жалпы тапсырушылар санының 17,4%-ына (14 420 түлек) тең болды. 2014 жылы бұл көрсеткіш 15% (13 137 түлек) болған еді. Мүмкін болған 125 балды 5 түлек алды. Олар: Ердосова Гүлназ Жандосқызы – Тараз қаласының № 45 қазақ классикалық гимназиясының түлегі; Мұстафина Риана Еркінқызы - Астана қаласының № 59 мектеп-лицейі; Самат Сымбат Қуанышқызы - Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы, "Үміт" лингвистикалық гимназиясы; Абдазимова Лаура - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мектеп-интернаты; Яковлева Анастасия Владимировна - Алматы қаласының №90 лицейінің түлегі. 2014 жылы ең жоғары балды 4 түлек жинаған болатын. Толық ақпарат бірнеше күннен соң белгілі болады. Әзірге апелляциялық комиссия жұмысы жүріп жатыр.

ҰБТ-2015: Оқу гранттары

2015-2016 оқу жылына ЖОО-да оқуға 32 мыңнан аса грант бөлінеді деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрілігі. Жоғары ұпай жинаған талапкерлер 32168 гранттың бірін ұтып ала алады. Оның ішінде сырттай бөлімге 500 грант бөлінген. Грантқа түскендер еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқуға мүмкіндік алады. Биыл ұсынылатын мамандықтардың саны көбейтілген.

ҰБТ-2015: Оқиғалар

ҰБТ қашан да оқыс жағдайларға толы. Осымен он екінші рет өткізіліп отырған ҰБТ бұл жылы түлектердің орнына өзге адамдардың кіруімен және қыз болып киінген жігітпен есте қалады."Тестілеудің алғашқы күнінде Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысында оқушылардың орнына бөгде адамдар кірген. Олардың нәтижелері күшін жойды», — дейді Білім министрлігінің өкілдері. Орнына өзге адам кірген оқушылардың саны — 18. «Ағымдағы жылы Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлері ақшаға жоғары балл алып беруді уәде еткен қала тұрғындарын анықтады. Өз қызметтері үшін олар 2500-3000 доллар көлемінде ақша алған», — дейді Алматы қалалық ҰҚКД тергеу басқармасы төрағасының орынбасары Қайыржан Қамзаев. Тестке қыздың орнына кірген азамат жайлы да ел біраз шулады. Пікірлер екіге бөлінді: бірі "жыл-романтигі" десе, енді бірі ақша үшін барған алаяқ деп жатты.

ҰБТ-2015: Бюджет

Бұл жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізуге бюджеттен 1 022 806 теңге бөлінген. Дайындаған Жадыра Аққайыр "7"

Похожие материалы