Швейцариялық банктер 1955 жылға дейін ашылған, бірақ ұзақ уақыт бойы қараусыз жатқан бірнеше мың шоттың бар екенін мойындады. Банк қызметкерлері бұл шоттардың нацистерге еш қатысы жоқ дейді. Бұл туралы РБК хабарлады.
Банктердің шоттар туралы ақпаратты жариялауына жаңа заң мәжбүрлеген. Заңда қаржы институттары 60 жылдан астам уақыт бұрын ашылған және соңғы 50 жыл ішінде иелері келіп, пайдаланбаған шоттар туралы ақпаратты жариялауды талап етеді.
Швейцария банктерінің қауымдастығы өкілі шоттар жергілікті тұрғындарға да, шетелдік азаматтарға да тиесілі екенін жеткізді және нацистермен еш байланысы жоқ екенін айтты.
Welt am Sonntag басылымының мәліметтері бойынша, 1940 жылы Германия тұрғыны ашқан бір ғана шот күдік шақырған. Ол шотта 1 000 швейцариялық франк жатыр екен.
Бүкіләлемдік еврейлік конгресс тұрақты түрде швейцариялық банктерден қараусыз қалған шоттар туралы ақпаратты жариялауды сұрап отырады. Ұйымның ойынша, банктерде нацистік Германияның бұрынғы басшыларына тиесілі байлықтың бір бөлігі сақталуы мүмкін. Оларды Холокост құрбандарына өтемақы ретінде төлеуге болар еді деп санайды Конгресс өкілдері.