Алматы. 4 қыкүйек. 7kun.kz – Шымкент қаласының жас отбасылары мен бюджеттік сала қызметкерлері баспана бағасының 10%-ын алғашқы жарна ретінде төлеп, "7-20-25" бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.
Бүгін "Баспана" Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы мәмілеге қол қойды.
Екі жақты келісім бойынша, аталған санатқа кіретін тұрғындарға қала әкімдігі ұзақ мерзімді, жеңілдетілген несие беру арқылы алғашқы жарнаның жартысын төлеп береді.
Осы мақсатта 2018 жылы 500 млн теңге бөлінеді. Жалпы, алдағы 2 жылдың көлемінде, Шымкент әкімдігі "7-20-25" бағдарламасының алғашқы жарнасын төмендетуге 2 млрд. теңге жұмсамақ. Осы арқылы, әкімдік шамамен 2 мың жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдаумен қамтуды жоспарлап отыр.
"Шымкент "7-20-25" бағдарламасына қатысып жатқан тұрғындарына жергілікті әкімдіктер қолдау көрсететін бірлескен жобаны іске асыратын тұңғыш өңір атанып отыр. Өз кезегінде, осы игі бастаманы біз басқа да өңірлермен бірлесіп, жүзеге асыруға дайынбыз", - деді, "Баспана" Ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалада "7-20-25" бағдарламасы бойынша 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын хабарлады. Бұл 8 333 пәтер.
Қазіргі кезде Шымкент қаласының тұрғындары ЦентрКредит, АТФБанк, Цеснабанк, Bank RBK мен Еуразиялық банк арқылы ипотекалық несие ала алады.
Айта кетейік, Н.Назарбаев 5 наурызда қазақстандықтарға жеңілдікпен баспана алуға мүмкіндік беретін "7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыру туралы тапсырма берген еді. Қазіргі кезде ҚР Ұлттық банк "Баспана" Ипотекалық ұйымын құрып, шілде айында алғашқы ипотека беріле бастады. Қазіргі кезде жалпы құны 18 млрд теңгені құрайтын 1500-ге жуық ипотека берілген.