Шымкент. 30 қараша. 7kun.kz – Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алған 600-ден астам отбасы жәрдемақыны қайтаруға тиіс, деп хабарлайды 7kun.kz Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдерінің айтуынша, заң бұзғандар табыс көзін жасырып, жалған анықтама жасатқан.
Олардың бір бөлігі ақшаны өз еркімен қайтаруға келісті. 219 отбасының ісі сотқа жолданды. жалпы 610 отбасы әлеуметтік көмекті заңсыз алып жүргені анықталды.
«Өз еркімен 391 отбасы 17 млн 502 мың теңгені мемлекеттің қазынасына қайтарып берді. Қазіргі таңда 219 отбасыны сотқа бергенбіз. 200 отбасы соттың оң шешімін алып, 19 іс қазір соттың қарауында. Біреулер екі тоқсан алған. 3 тоқсан алғандар да бар. Әр отбасы әр түрлі», – деді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.
Осы жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берушілер 66,5% азайды. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың көбі жұмысқа орналасқан.