Шымкент. 6 қазан. 7kun.kz - Шымкенттегі "Көрме" орталығында "Ұлы дала кілемдері" атты бес күндік кілемдер жәрмеңкесі ашылды. Көрмеге облыс әкімі Ж.Түймебаев және Иран Ислам Республикасының Хорасан Разави провинциясының губернаторы бастаған делегация келді. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімінің сөзінше, Қазақстандағы ең ірі «Бал Текстиль» отандық кілем өндіруші фабрикасы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылған.«Республикадағы ірі кілем зауыты тоқыма саласына қосар үлесі мол. Бүгінде фабрика айрықша ою-өрнектермен әрленген, отандық кілемнің 2000-нан астам түрлерін облыс тұрғындарына ұсынуда. Жобаның серіктесі - әлемдегі ең ірі 5 кілем өндірушілердің бірі болып табылатын және әлемдік нарықта 20 жылдан астам тәжірибесі бар «Kartal Hali» (Түркия) компаниясы», - деді әкім.
Шымкентте екінші рет ұйымдастырылып отырған көрмені еліміздегі ірі кілем шығарушы «Бал Текстиль» фабрикасы ұйымдастырды. Жәрмеңкеде қонақтардың назарына 1 мыңнан астам кілемдер мен оның түрлері ұсынылды. Шара аясында арзандатылған бағада кілем түрлерін сатып алуға болады.
Айта кетейік, өндірістік қуаты жылына 5 млн шаршы метр кілем тоқуға қауқарлы фабрика іске қосылған 2013 жылдан бері 9 млн шаршы метрге жуық кілем тоқыса, осы аралықта 6 млн келі болатын пропилен жібін иірген.
Айгүл Хожантаева