Алматы. 9 шілде. 7kun.kz - 2023 жылға дейінгі Шымкент қаласын дамытудың кешенді жоспарын Үкімет отырысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов таныстырды.
"Жоспар 10 бағыт пен 89 жобадан тұрады. Кешенді жоспарды іске асыруға жұмсалатын жалпы шығын 1 трлн 284 млрд теңге – 836 млрд теңге немесе 65% жеке инвесторлардың қаражаты есебінен бағытталады. Республикалық бюджет есебінен 299 млрд теңге, жергілікті бюджет есебінен – 81 млрд теңге және мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы 68 млрд теңге жүзеге асырылады", - деді әкім.
Әкім кешенді жоспар мемлекеттік органдармен келісіліп, 29 сәуірде республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау көрсетілгенін атап өтті.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуда 30 жоба іске асырылатын болады, оның ішінде газ станциясы мен алты электр станциясын, екі тазарту құрылыстарын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Энерго орталығы» АҚ-да 190 млрд теңгеге бу-газ жабдығын салу жоспарлануда, соның нәтижесінде 2023 жылы сумен қамтамасыз ету 93%-дан 98%-ға дейін, кәріз желілері 49%-дан 75%-ға дейін, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету 91%-дан 96%-ға дейін, газбен қамтамасыз ету 92%-дан 98%-ға дейін өседі.
Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 11 жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде: ұзындығы 31 км А2 автожолын қайта жаңарту, ұзақтығы 21 км Ташкент бағытында Қонаев атындағы даңғылды жалғастыру, төрт автожол жол айрығын салу, оңтүстік және оңтүстік-шығыс автомобиль айналма жолын (24 км) салу, темір жол вокзалын қайта жаңарту және әуежайдың жаңа терминалын салу. Нәтижесінде жолдардың өткізу қабілеті 35 мың автокөлік бірлігінен 75 мыңға дейін артады, жақсы автожолдардың үлесі 53%-дан 60%-ға дейін ұлғаяды.
Бас жоспарға сәйкес Шымкент-сити, Тұран әкімшілік-іскерлік орталығы және Қошқар Ата өзенінің жағалауындағы көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы белгіленген. Кешенді жоспарға сәйкес көрсетілген аумақтарда инженерлік желілер жүргізіліп, 2023 жылға қарай 20794 пәтерлік 319 көп қабатты үй салынады.
"Бұл жұмысқа шетелдік инвесторлар қызығушылық танытуда… жаңа еркін экономикалық аймақ құруды ұсынамыз", - деді Әбдірахымов.
Бұдан басқа, Шымкент қаласында 130 мектепте 194 мың оқушы білім алуда, оларға жыл сайын 10 мыңнан астам адам қосылады, демографиялық өсу аясында 19 мектептің үш ауысымды оқытуға көшу қаупі бар. Сондықтан 23,5 мың орынға арналған 15 мектеп салу, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті (МЖӘ) іске қосу және 2023 жылға қарай үш ауысымды мектептерді толығымен алып тастау жоспарлануда.
Спорт саласында МЖС арқылы Орталық стадион қайта жаңартылады және ол УЕФА стандарттарына сәйкес келетін болады. Қалада 2100 орындық Конгресс-холл салынады, ескі қала Цитадель қалпына келтіріледі, бұл 2020 жылы ТМД мәдени астанасының іс-шараларын өткізуге мүмкіндік береді.