Экономика
Қ.Өскенбаев: Ауыл шаруашылығы жерлерін жекешелендіру жөніндегі заңнамалық база парламентке күзде енгізіледі
Бұл туралы "Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді пайдаланудың жағдайы туралы" дөңгелек үстелдің барысында ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады.
"Қазіргі кезде институционалды реформалар жөніндегі мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін парламент депутаттарынан, министрліктер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілерінен жұмыс тобы құрылды. Жерді жеке меншікке табыстаудың жаңа механизмдерін әзірлеу жөніндегі бірқатар кеңесулер болып өтті, оның ішінде жерлерді жаппай жекешелендіруді жүзеге асыру, сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған жерлердің мақсатты арналуын ауыстыру рәсімін жеңілдету тәсілдері қарастырылды", - деп мәлімдеді Қ.Өскенбаев.
Вице-министрдің айтуынша, қажетті заңнамалық база қалыптастырылып, парламенттің кезекті күзгі сессиясына енгізіледі.
Вице-министр 2012 жылы инвентаризация ауыл шаруашылығына арналған 96 млн. га жерді қамтығанын еске салды. Нақтыланғаннан кейін бұл шама 98 млн. га -ны қамтыды. Аумағы 7,4 млн. га ауыл шаруашылығына арналған пайдаланылмайтын 19 мың жер телімі анықталды, оның ішінде егістік жер - 943 мың га. Шаруа фермерлік қожалықтарда 91% пайдаланылмайтын жер телімдері анықталды.
"2012 жылдың қорытындысы бойынша 1,2 млн. га пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Нәтижесінде сол жерлердің 450 мың га-сы ауыл шаруашылық айналымына қайтарылды. Қабылданған ықпал ету шараларына кейін тағы 1,3 млн. га жер пайдаланыла бастады. 2013 жылы мемлекет меншігіне 532 мың га қайтарылып, ауыл шаруашылығының айналымына қайтадан 105 мың га жұмылдырылды. 2014 жылы анықталған жерді пайдаланбау жөніндегі фактілерге қатысты шаралар осы жылы қабылданып жатыр", - деп түйіндеді Қ.Өскенбаев.
Бұған дейін сәуір айының басында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жекешелендіруді бастауға қатысты берген тапсырмасы туралы
жазған болатынбыз.