Әскердегі өлім-жітімді болдырмас үшін арнайы бағдарлама әзірленуде – ҚР Қорғаныс министрлігі
Нұр-Сұлтан. 1 тамыз. 7kun.kz – Әскердегі өлім-жітімнің алдын алуға арналған «Өмірді сақта» атты ведомствоаралық бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі ҚазАқпарат сауалына берген жауабында хабарлады.
Министрлік хабарлауынша, әскердегі өлім-жітімді азайту мақсатында күнделікті нұсқаулықтар, қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтар, тәрбиелік және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылып, сарбаздар арасында жеке және жасырын сауалнамалар жүргізіледі.
«Одан бөлек құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жеке құраммен жұмыс істеудің заман талабына сай әдістері қолданылады. Оның ішінде сыни тұрғыдан ойлау технологиясы мен кейс-стади әдісі бар. Ол жерде қателер мен олқылықтар бойынша нақты мысалдар келтіріліп, қаралады», – деді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімді болдырмау мен тәрбие жұмысы жүйесін жетілдіруге бағытталған «Өмірді сақта» атты ведомствоаралық бағдарлама дайындау бойынша жұмысты бастады.
«Аталған бағдарлама ұзақмерзімді перспективаны көздейді. Бағдарлама әскери ортада өлім-жітімнің алдын алудың мақсаттары мен міндеттері, ережелері мен негізгі бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат. Бұл құжат әскери қызметтің ерекшелігі мен жай-күйін ескере отырып, оған сәйкес келетін ведомстволық іс-шаралар жоспарын әзірлеуге негіз болады», – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Пирамида», «Жауынгерлік дос» және «Напарник» бағдарламасы қолданылады.
Сондай-ақ, казармаларда бейнебақылау камералары мен сенім телефоны жұмыс істейді. Күн сайын әскери полицейлер және бөлімнің медицина қызметкерлерінің қатысуымен сарбаздарды қарап-тексеру жүргізілетіні атап өтілді.