Алматы. 11 қаңтар. 7kun.kz – Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов McDonald's-тың Қазақстаннан кетуі туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Ол елімізде ірі халықаралық брендтердің болғаны жақсы екенін атап өтті.
«McDonald's-тың Қазақстаннан кетуі елдегі инвестициялық ахуал немесе басқа да жағдайларға қатысты емес. Бұл тікелей McDonald's компаниясының Ресейден кетуіне байланысты. Жұмыс аясында шикізат пен жартылай фабрикаттар Ресей арқылы жеткізілді. Сондай-ақ McDonald's өз өнімдеріне жоғары талаптар қояды», – деді премьер-министр.
Оның айтуынша, мейрамханаларға өнімді жеткізу үшін жеткізушінің бірқатар сертификаты болуы керек. Өнімдер мен қаптаманың сапасы жақсы болуы керек. Компанияның қатаң талаптары бар.
«Компания талаптарын орындау үшін ауқымды инвестиция керек. Қазақстанның нарығы шектеулі, сондықтан мұндай ауқымды инвестиция қысқа мерзімде қайтарылмайды», – деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, қазір компанияның Қазақстандағы жұмыс орындарын сақтау керек. Бұл компанияда 2000-ға жуық адам жұмыс істейді. Сол себепті халықаралық брендті пайдаланбай жұмысты жалғастыру керек, деді премьер.