Экономика
Регионы
Солтүстік Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлене бастады
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданындағы Донецкое ауылының тұрғындарына қырылған төрт-түлік малдың өтемақысы төленеді. Облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінді деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметінен.
"Шығынның орнын толтыру үшін облыс әкімдігінің резервінен 1 млн 94 мың теңге бөлінген. Нарықтық құнына байланысты тәуелсіз бағалау жүргізіп, мал иелеріне өтемақы төленіп жатыр", -деді Солтүстік Қазақстан облысындағы мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Берік Әлжанов.
Жақын арада облыс әкімдігінен Донецкое ауылының тұрғындарына су тасқынына зардап шеккен үйді жөндеуге де қаржы бөлінеді. Сондай-ақ баспанасы су астында қалған тұрғындарға "Алиби" компаниясының басшысы Нұрлан Тілеубаев та 2 млн теңге берді.
Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов құтқарушылар және "Қазсушар" өкілдерімен бірге аумақты аралап, су тасқынының көлемін анықтаған еді. Есіл өзені шайып кетуі мүмкін жолдар мен елдімекендерге басты назар аударылды.