Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Соңғы 10 жылда көлік саласын дамытуға 30 млрд доллар жұмсалды

Соңғы 10 жылда көлік саласын дамытуға 30 млрд доллар жұмсалды

Алматы. 25 сәуір. 7kun.kz — ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» ІІ Халықаралық ынтымақтастық форумына қатысуда, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Форумда министр Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық көлік желілеріне қосылу үшін үлкен күш жұмсағанын атап өтті.

«Соңғы 10 жылда көлік саласын дамытуға шамамен 30 млрд доллар жұмсалды. 2 мың шақырымнан астам темір жол салынды, 6,3 мың шақырым автомобиль жолдары қайта жаңартылды, Каспийдегі порттық қуат 26 млн тоннаға дейін ұлғайтылды, 15 әуежайдың ұшу-қону жолақтары қайта жаңартылды», - деді Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың көлік-логистикалық секторындағы тығыз әріптестік ынтымақтастық орнаған. Ол екі елдің сауда-экономикалық өзара іс-қимылын нығайтады.

Аталған әріптестіктің арқасында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір онда 79 қатысушы тіркелді.

Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына индустриялық және логистикалық аймақтармен қатар  құрғақ порт кіреді. Ол елдің шығысындағы жүктерді шоғырландыру мен дистрибуциялау үшін 2015 жылы іске қосылған болатын.

Теңіз тасымалдарының әлемдік көшбасшысы, COSCO Shipping қытай компаниясы жерүсті трансконтинентальдық тасымалдарға қызығушылық танытты және құрғақ портты дамытуға белсене атсалысады. Сондай-ақ халықаралық басқарушы ретінде DP World (БАӘ) теңіз порттарының операторы тартылды.

Сондай-ақ, 2014 жылы Ляньюньган портында Қытай серіктестерімен бірлескен логистикалық терминал құрылды. Терминал - Қазақстанға немесе Қазақстаннан өтетін жүк ағындарын шоғырландырудың негізгі пункті.

Айта кетейік, 25-27 сәуір аралығында Бейжіңде өтетін «Бір белдеу, бір жол» екінші форумына 40-қа жуық мемлекет және үкімет көшбасшылары қатысады.

Похожие материалы