Экономика
Соңғы 20 жыл ішінде цунами 280 млрд доллар залал келтірді
Алматы. 6 қараша. 7kun.kz - Соңғы 20 жылда цунамиден 251 770 адам қаза тауып, жалпы экономикалық шығын 280 млрд долларды құрады. Әсіресе Үнді және Тынық мұхиты жағалауларындағы елдер көп зардап шекті. Мұндай деректерді БҰҰ мәлімдеді.
2011 жылы Жапонияда болған цунамиден 19 мың адам қаза тапты, ал экономикалық шығындар 228 млрд долларды құрады. Салыстыратын болсақ, өткен 20 жылда (1978-1997 жылдар аралығында) 998 адам қаза тапты, ал қаржылық шығындар 2,7 млрд долларды құрады.
БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Мами Мицуторидің айтуынша, дүниежүзілік цунами мәселесі туралы ақпаратты тарату күнінің маңыздылығы зор, себебі бұл күн адамдардың өлімін болдырмау үшін цунамиге байланысты тәуекелдер туралы хабардарлықты арттырады.
БҰҰ осал, халқы тығыз орналасқан жағалау маңындағы аудандардағы инфрақұрылымға келтірілген залалға, цунамиден туындаған экономикалық шығындарға назар аудартуға ұмтылады.
Сонымен қатар, БҰҰ 28 қыркүйекте Индонезияда цунами болғанын еске салды. Соңғы мәліметтер бойынша, 2 мыңнан астам адам қаза тапты, 80 мың адам баспанасыз қалды, 70 мыңға жуық үй қирады. Жер асты дүмпулері мен цунами күшті сырғымалар тудырып, лас ағындар жердің үлкен учаскелерін басып қалды.
«Индонезиядағы Сулавеси аралында 28 қыркүйекте орын алған жер сілкінісі мен цунами салдарынан әлі де авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл оқиға жер сілкіністері мен цунами кез-келген басқа табиғи апатынан гөрі көбірек адам өмірін алатынын айқын дәлелдейді және әлемнің көптеген бөліктеріндегі кедейлікті жою жұмыстарын қиындатып, орасан экономикалық шығындарға әкеледі», - деп сөзін қорытындылады Мами Мицутори