Алматы. 23 тамыз. 7kun.kz – Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында алты мыңнан астам отандасымыз Қазақстанға оралды, - деп мәлімдеді вице-премьер Бердібек Сапарбаев.
«Соңғы жеті айда алты мыңнан астам отандасымыз (Қазақстанға) оралды. Бұл жұмыс жалғасады», - деді ол 23 тамыздағы баспасөз мәслихатында.
Сапарбаев Қазақстанға оралған кейбір қазақтардың құжаттарын уақытында тапсырмағандарына байланысты, енді олар Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмайтындығын атап өтті. Қолданыстағы заң бойынша, оралмандар мұны бір жыл ішінде орындауы керек.
«Елбасы атынан бұл уақыт осы жылдың соңына дейін ұзартылды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландырулар беріледі. Енді азаматтығын ала алмағандар оны ала алады», - деді ол.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстаннан 20 071 адам басқа елдерге кетті, деп бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті мәлімдеді.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, ҚР-дан кеткендердің жалпы санынан ТМД елдеріне 18 179 адам (2018 жылдың қаңтар – маусымында 15 399 адам), басқа елдерге – 1 892 адам (1 772 адам) кетті. Жекелеген этникалық топтар бойынша сыртқы көші-қон қаңтар–маусымда былай көрінді: орыстар – елден кеткендердің жалпы санынан 72,5% (2018 жылдың ұқсас кезеңінде 72,1%), немістер – 6,7% (7,8%), украиндар – 6,6% (6,3%), қазақтар – 5% (4,3%), татарлар – 2,3% (2,4%), өзбектер – 0,5% (0,3%), басқалары-6,4% (6,8%).
Қаңтар-маусымда республикаға 5 647 адам (бір жыл бұрын 6 368 адам) келді, оның ішінде ТМД-дан 4 632 адам (4 918 адам) және басқа елдерден – 1 015 адам (1 450 адам) келді. Қазақстанға келгендердің ішінде қазақтар көш бастап тұр – 56,9% (бұрын 54,3%), орыстар – 20,6% (22,6%), украиндар – 2,3% (2,7%), өзбектер – 2,4% (2,3%), татарлар – 1,1% (1,4%), немістер – 1,5% (1,4%), басқалары – 15,2% (15,3%).
Осылайша, жылдың алты айының қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы теріс болды – минус 14 424 адам (бір жыл бұрын минус 10 803 адам).
2019 жылғы қаңтар-маусымда 2018 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 11,3% - ға азайды, Қазақстаннан кеткендер саны 16,9% - ға артты. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүріп жатыр. ТМД елдерінен келгендердің үлесі және осы елдерге кеткендердің үлесі тиісінше 82% және 90,6%-ды құрады.
2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан халқы 18,508 миллион адамды құрайды. Қаңтар-маусымда республикада 193 412 адам дүниеге келді, 66 613 адам қайтыс болды, табиғи өсім 126 799 адамды құрады. Жыл басынан бері 59 555 неке және 29 025 ажырасу тіркелді, яғни 1000 адамға шаққандағы неке саны 2018 жылғы қаңтар-маусымдағы 6,45-тен 6,49-ға дейін, ал ажырасулар саны 1000 тұрғынға 3,16 дейін өсті.