Нұр-Сұлтан. 18 мамыр. 7kun.kz – Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әр түрлі алаяқтық сайттардың, парақшалар пайда болуда, деп хабарлайды 7kun.kz.
Олар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі – ҚДКБҚ) атынан көпе көрінеу жалған ақпарат таратады. Қаскүнемдер сайттың домендік атына Қордың «kdif.kz» деп аталатын қысқартылған атауын қолданады. Осылайша Желі пайдаланушыларын әдейі жаңылыстырады.
Анықталған алаяқтық ресурстар жалған ақпараттардан тұрады. Шын мәнісінде алаяқтардың мақсаты – интернет пайдаланушылардың дербес деректерін жинап, алдау арқылы ақшалай қаражаттарын ұрлау.
ҚДКБҚ ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін ақпарат көздерін айқындап алуға, бөгде адамдарға банк шотының нөмірін және басқа да банктік деректемелерді айтпауға, сондай-ақ Желі арқылы дербес деректерді таратпауға кеңес береді.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қызметі туралы шынайы мәліметтерді 1460 тегін нөміріне қоңырау шалып білуге болады. Одан басқа, азаматтар сауалдарын info@kdif.kz және kdif@kdif.kz пошталарына жолдай алады немесе @kdif_ask Telegram-чатына сұрақ қоюға мүмкіндіктері бар.
Қордың қызметі мен атқарымдары туралы толық ақпарат оның kdif.kz ресми сайтында, сондай-ақ Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында қолжетімді.