Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

S&P агенттігі Delta Bank рейтингін дефолттық деңгейге дейін төмендетті

S&P агенттігі Delta Bank рейтингін дефолттық деңгейге дейін төмендетті

Алматы. 17 ақпан. 7kun.kz - Халықаралық Standard & Poor's рейтинг агенттігі Delta Bank-тің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтерін СС/С деңгейінен D/D "дефолт" деңгейіне дейін төмендетті. Банктің ұлттық көрсеткіш бойынша рейтингі де kzCC-ден D-ге дейін азайды.

"Бұл өзгеріс 9,8 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарыз сомасын төлемеуіне байланысты. Олар ішкі нарықта қамтамасыз етілмеген облигациялар түрінде жарыққа шығарылған, жеңілдік мерзімі 2017 жылдың 14 ақпанында аяқталды", - делінген агенттік хабарламада. 

Халықаралық рейтинг агенттігі бұл жағдайды Delta Bank-тың міндеттемелері бойынша жалпы дефолты деп қарастырып отыр. 

"Delta Bank бұрынғысынша Ұлттық банк тарапынан қолдау күтіп отыр. Осыған дейін келісілгендей өтімді құрал-жабдықтар банктің мажоритарлы акционері Нұрлан Тілеубаевқа берілген жағдайда көмек беріледі. Акционерлер немесе Ұлттық банк тарапынан қолдау болған жағдайда ғана "Delta Bank" АҚ-ның рейтингін қайта қарап шығамыз",-деп атап өтеді S&P.

2017 жылдың 15 ақпанында  Delta Bank KASE-ге жазған ресми хатында 2017 жылдың 14 ақпанында бірінші облигациялық бағдарлама аясындағы жарияланған бірінші облигациялар шығарылымының номиналдық құнын өтемегендерін хабарлаған еді. Көрсетілген облигациялардың номиналдық құны - 9,88 млрд теңге. 

"Банк аталған жағдайды реттеуге барлық күшін салады. Қазіргі уақытта қаржыландыру үшін арнайы құралдар және ішкі ресурстар жұмылдырылып жатыр. Облигациялар 2017 жылдың 1 наурызында төленеді деп болжап отырмыз", - делінген хатта. 

Еске салайық, 2016 жылдың қарашасында Ұлттық банк екі банкке жеке тұлғалардан деозит қабылдауға тыйым салды, оның бірі - Delta Bank. Аталған шешімге банктің заңдық нормаларын бұзғаны және ішкі бақылауды жақсарту қажеттігі себеп болған. Дегенмен 2016 жылдың 29 желтоқсанында Ұлттық банк "Delta Bank" АҚ-ға құнды қағаздар нарығында жұмыс істеуге, физикалық тұлғаларға банк есепшоттарын ашуға, депозит қабылдауға рұқсат берді. 

Похожие материалы