Өз елінің қоғамдық өміріне белсене араласу саясаткерлер мен танымал бизнесмендер арасында сәнге айналды. Қайырымдылық шараларынан бөлек, көпшілігінің көңіл бөлетін саласының бірі – спорт. Әлемдік трендтен қазақстандық лауазымды тұлғалар да тысқары қалмады.
Америкада және көптеген еуропа елдерінде спорт клубтарына иелік етуге тек дәулетті адамдар ғана құқылы болып келген еді. Спортқа қамқорлық жасау - бизнестегі серіктестер алдында ұпай жинауға әсер ететін тәсілдердің бірі. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, Forbes ұсынған миллиардерлер тізіміндегі 53 адам спорт саласын қаржыландыратын болып шықты. Соның ішінде инвестиция көп тартылатындары – америкалық футбол (19 инвестор), баскетбол (15 инвестор), футбол (8 инвестор), бейсбол (6 инвестор) және хоккей (5 инвестор).
Қалталы азаматтардың спортты дамытуға қол ұшын бергенінің екі жаққа да жағымды тұстары көп екендігі сөзсіз. Қомақты қаржы арқылы тасада қалған таланттар танылып, жекелеген спорт түрлері дамып келеді.
Қазақстандық инвесторлар да шетелдік әріптестерінің әрекетін үлгі етіп келеді. Дегенмен олар бюджеттік шығындарын ашық айтпайды не жалпы ақпарат қана ұсынады. Тек заманауи бессайыс федерациясын өзгелерге қарағанда ашық ұйым деп атауға болады. Бұл жерді Әділет министрі Берік Имашев басқарады. Федерацияның сайтында «Самұрық-Қазына» АҚ 100 миллион теңге көлемінде демеушілік көрсеткені туралы ақпарат бар. Есепте оның үштен бірі бапкерлер мен спортшылардың жалақысына жұмсалды деп көрсетілген.
Еліміздің лауазымды тұлғалары шетелдегідей спорт клубтарын сатып алмайды. Олар тұтас федерацияның басшылық қызметіне орналасады. Федерацияның әкімшілік жұмыстарын мәдениет және спорт министрлігіндегі спорт және дене шынықтыру комитеті бақылауға алғанымен, соңғы шешім федерация президентіне тиесілі.
Шенеунікке федерация неге керек?
Саясаттанушы Марат Шибұтов шенеуніктердің мұндай қадамға баруына екі себеп бар дейді. «Көпшілігіне федерация президенті болу – міндет іспеттес. Ұйымның жұмысын дамыту үшін кураторлыққа жоғарыдан тағайындайды. Ал енді біріне бұл – сүйіспеншіліктен туған іс. Өздері айналысқан спорт түрін, сол саланы дамытуға қызығушылықтары болады. Мысалы, Асқар Құлыбаев, Нұрлан Балғымбаев, Даниал Ахметов, Зейнолла Кәкімжанов секілді азаматтар сүйікті спорт түрін қолдауға қашан да даяр» - дейді ол. «Басшы болудың тағы бір артықшылығы – қоғамда жағымды имидж қалыптастыратындығында. Спорт федерациясын басқарып жүріп, жақтастар табуға болады» - деп атап өтті М. Шибұтов. «Үлкен» адамдардың қолында үлкен мүмкіндіктер болады. Жалға орын аларда, ұйымдастыру жұмыстарында, қаражат бөлуде шенеуніктердің бір бәсі артық келеді. Сонымен бірге танымал тұлғаға БАҚ өкілдерінің де қызығушылығы жоғары.
Спорттың дамуына едәуір үлесін қосып, жұмысын абыроймен атқаратын біраз басшылар бар. Олардың қатарында Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовты атап өтуге болады. Ол 2007 жылы ұйымның негізі қалағаннан бастап басшылыққа сайланған. Бүгінде Қазақстанның 13 қаласында әлемдік стандарттарға сай теннис базалары бар. Еліміздің ерлер құрамасы Дэвис кубогінің ширек финалына үш рет шықты. Зарина Дияс, Ярослава Шведова сынды теннисші қыздардың рейтингте алдыңғы қатарда орын алуы да үлкен жетістік саналады.
Бокс пен күрес саласын Тимур Құлыбаев пен Сауат Мыңбаев қамқорлықтарына алған. Құлыбаев бокс федерациясының, ал "ҚазМұнайгаз" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев грек-рим федерациясының президенті. Бокс федерциясының Алматы облысы бойынша вице-президенті Бауыржан Оспановтың сөзінше, Тимур Құлыбаев федерация басшылығына келгелі бері қазақ боксы жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Әлемдік бокс федерациясының да алдында Құлыбаевтың беделі жоғары.
Спортшылардың жақсы нәтиже көрсетуіне тағы бір себеп – жоғары жалақы. Бапкерлер құрамы мен спортшылар да жақсы іріктелген.
Бокс пен күрестің қанат жаюында Оспановтың өз еңбегін де атап өту керек. 2014-2015 жылдардағы Қазақстан кубогінде Алматы облысының балуандары топтық есепте бірінші орын алды. Одан бөлек, Оспанов өз қаражатына Алакөл ауданындағы Лепсі ауылында дарынды балаларға арнап мектеп-интернат салды. Бауыржан Кеңесбекұлының келуімен еліміздің барлық облыстарында күрес орталықтары ашылған.
-Күрес және бокс саласында өзге елдің спортшылары өте аз. Яғни еліміздің спортшыларына өз-өзін көрсетуге толық мүмкіндік бар. Бүгінде кей жерлерде жергілікті федерация жақсы қаражат бөлсе, енді бірінде облыстық бюджет көбірек қаржы бөледі. Менің мақсатым – барлық облыстарда теңдей жағдай жасауға ат салысу. Себебі, екі жақты қолдаудан жақсы нәтижелер күтуге болады – дейді Бауыржан Оспанов.
Спортты тек спортшылар ғана түсінеді
Дегенмен ірі шенеуніктер мен бизнесмендерді федерация басшылығына бекіту бүгінде азайып келеді деген пікір бар. Мәселен, 2009 жылы Ресейде Дмитрий Медведев президент болған кезінде осы жағдайда сынға алған еді. Оның пікірінше, басшылық қызмет олардың негізгі жұмыстарына кедергі етеді. Көп жағдайда федерациядағы жұмысын сылтау етіп, міндеттерінен тайқып кететіндер де кездеседі. Осы ретте Ресейді шенеуніктердің федерацияларды басқаруынан бас тартқан ел деуге болады.
Спорт жанкүйері Жансейіт Ахтановтың пікірінше, «сол спортты түсінетін, білетін мамандарды федерация президенті етіп сайлау керек». – Мысалы, Асқар Мәмин хоккейді дамыта алмай отыр. Әбіқаев жетекшілік ететін волейбол федерациясының жұмысына көңілім толмайды. Волейболдан Қазақстанның құрамасы Азия ішіндегі жарыстарда жеңіске жете алмайды. Ал Асқар Сманқұлов баскетболды дамытатын жұмыс жасап жатқан жоқ. Баскетбол құрамамыз кішігірім жарыстарға қатыса алмай жүр. Олардың не үшін федерация басында отырғанын түсінбедім, – дейді жанкүйер.
Спортшылардың көпшілігі де аталған пікірмен келіседі. «Әрине, ел алдында абыройлы адамдардың қолынан көп нәрсе келетін шығар. Бірақ, әр спорттың өз асханасы болады. Бұрын-соңды сол салада жүрмеген адам оны түсіне қояр ма екен? Спортшының күнделікті өмірінен бейхабар жандардың басқарғаны дұрыс емес деп ойлаймын. Басшылық қызметке келген екен, сол спортмен өмір сүрсін», - дейді олар.
Бірнеше спорт федерациясында баспасөз хатшысы болып жұмыс істеп келе жатқан Назерке Сұлтанбек басшының ел абыройын ойлап, нағыз істің адамы болғаны маңыздырақ дейді. "Менің спорт федерацияларында баспасөз хатшысы болып жүргеніме алты жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде бірнеше басшылардың сайланған сәттен кейін спортқа деген махаббаты ашылғанын көрдім. Алғашында мойнына салынған әлеуметтік жауапкершілік деп қабылдап, кейін спортшылармен танысып, олардың еңбекқорлығын көргенде спорттың шынайы жанашырына айналып шыға келіп жатады. Бұрын спортқа қатысы болғаны не болмағаны емес, оның ел дамуына, спорттың өркендеуіне қосар үлесінің салмағы маңызды" – деді журналист.
Жадыра АҚҚАЙЫР "7"