Бұған дейін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ сатылуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Егер сатылған жағдайда не болады? Экономист Мақсат Сералы мұндай жағдайда осыған дейін пәтер аламыз деп, аталған банкте ақша жинап келген салымшылар қаражаттарын жоғалтуы мүмкін дейді. Бұл жөнінде сарапшы Facebook желісіндегі парақшасында жария етті.
Мақсат Сералы, экономист:
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жеке кәсіпкерлер қолына өтуі мүмкін. Егер солай болатын болса, барлық салымшылар өз қаражаттарын жоғалтуы ықтимал. Басшы ауысқан кезде, компания бағыты да өзгереді.
1) Мемлекеттік бағдарламадан бас тартуы мүмкін;
2) Тұрғын үй бағасын нарықтық бағамен тенестіріліп, үй алу шарттарын қайта қарастыруы мүмкін;
3) Активтерін немесе акциялары шетел компанияларына сатылып кетуі мүмкін және т.б.
Барынша мемлекет меншігінде болғаны дұрыс. Пәтерлердің нарықтық бағасына әсер етіп, баға көтерілуі ғажап емес. Қарапайым халықтың пәтерге деген үміті - осы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде.
Министрлер кабинетінің мүшелері көбіне мемлекеттік активтерді сату жөнінде айтты. Жекешелендірудің екінші толқыны аясында "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек" және "ҚазАгро" қорлары 46 компанияны сатады. 60 ірі фирмалар аукционға қойылады. Жекеменшікке тіпті "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" де кетеді. Бұдан кейін мыңдаған қазақстандықтардың жинақтарын бір инвестор басқарады. Ол инвестордың шетелдік болуы да ғажап емес.