Алматы. 4 шілде. 7kun.kz – «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» клиенттері үшін комиссияның барлық түрін алып тастады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте банктің басқарма төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова хабарлады.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» мен «Қазпошта» ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары «Қазпоштаның» кез келген бөлімшесінен банктің өнімдері бойынша кеңестер ала алады. Сонымен қатар, кредиттерін жауып, депозиттерін де сол жерде толықтыруға мүмкіндіктері бар. Бұған дейін несиені жапқаны немесе депозитін толықтырғаны үшін 1 процент мөлшерінде комиссия бекітілген еді. Енді бұл шара «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары үшін тегін», - деді банк басқармасы төрағасы.
Жанар Жұбаниязованың айтуынша, банк «Қазпоштаның» тарамдалған бөлімшелерінің арқасында Қазақстанның барлық тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін болады. Банк шамамен 950 мың салымшыға қызмет көрсетеді. Олардың депозит қоржыны 460 миллиард теңгені құрайды.
Айта кетейік, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» депозит ашу үшін салымшы өз шотына 15 мың теңге салуы тиіс. Бұл комиссия емес, ақша толығымен салымшының шотына түседі. Қазіргі уақытта шамамен 200 мың салымшыға интернет-банкинг және мобильді банкинг қызметі арқылы қызмет көрсетілуде. Оның 47 мыңы мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігін алды.