Экономика
Түрік дәрігерлері қазақстандық сәбиге тегін ота жасауға келісім берді
Liv Hospital түрік клиникасы тағы бір қазақстандық сәбиге тегін ота жасап беруге келісім берді. Бұл жөнінде Түркия медициналық туризм қауымдастығы ұйымдастырған әлеуметтік жобаның барысында белгілі болды.
Түрік ағайындардың тегін ота жасауға келісіп отырғандарына осымен екінші рет. Әзірге түрік хирургтарының нақты қай мүгедек балаға және қандай ота жасайтыны белгісіз. Бұл туралы әлі келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Түрік медицина орталықтары емделуға мұқтаж жандарға жиі көмек береді. Мәселен, 2014 жылы түрік дәрігерлері алматылық Кристина Кряжевскаяға тегін ота жасап берген еді. Кристина 2008 жылы жазатайым екі қолынан айырылған болатын.
Қазақстан мен Түркия медициналық туризмді жақсартып келеді. Қазақстандық дәрігерлер мен әлемнің 15 елінен келген дәрігерлер ең үздік деген түрік емханаларын және көпсалалық Анкара клиникасын аралауға мүмкіндік алған. Еліміздің дәрігерлерін түрік әріптестерінің ағза трансплантациясы саласындағы жетістіктері қызықтырды.
"Мені түріктердің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері таң қалдырды. Олар ағзалар мен мүшелер трансплантациясында көп нәрсеге қол жеткізген. Олардың бір жылда бүйрек пен бауыр трансплантациясына арналған 500 ота жасайтыны сөзіме дәлел. Тәжірибе алмасу біздің дәрігерлерімізге өте пайдалы болады деп ойлаймын, - дейді қазақстандық дәрігерлер делегациясын бастап барған медициналық ғылымдар докторы, профессор Сәуле Нұқышева.