Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары енді депозиттерін сата алады

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары енді депозиттерін сата алады
Алматы. 28 мамыр. 7kun.kz - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары енді депозиттерін сата алады. Бұл шотқа иелік ету құқығын үшінші тұлғаларға беруді қарастыратын онлайн-табыстау сервисінің арқасында мүмкін болып отыр. Опция «ЖССБ 24» интернет-банкингінде пайда болды. Сатылымға жинақ мерзіміне кем дегенде 1 жыл болған депозиттер ғана шығарылады. Шотты тек бір рет қана сатуға болады. - Жыл басынан бері 83 000-нан астам қазақстандық Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашты. Бұл азаматтар тұрақты түрде ақша салып отырып, кемі үш жылды құрауы тиіс мерзім мен 16-ға жеткізуді қажет ететін бағалау көрсеткішіне қатысты банк талаптарын орындаған жағдайда, 5% мөлшерлемемен тұрғын үй займын ала алады. Банкте тұрғын үй займын алуға келіп қалған, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты келісім-шартты бұзып, жинаған ақшасын қайтарып алуды шешкен клиенттер бар. Бұл жағдайда олар біздің жаңа қызметімізді, яғни депозиттерге иелік ету құқығын үшінші тарапқа онлайн жолмен беру әдісін қолдана алады. Себебі жақсы жинақ мерзімі және сомасы бар шотты сатып аламын дейтін жандардың да қатары көп. Олар ұзақ күтпей-ақ, аз уақыттың ішінде төмен пайызбен тұрғын үй займын ресімдей алатын болады, - деп түсіндірді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. Қазір депозитке иелік ету құқығын беруді тек жақын туыстар арасында ғана жүргізуге рұқсат етілген. Салымшылар арасындағы шектен тыс алыпсатарлыққа тосқауыл қою және мемлекеттік бағдарламалар аясында пәтер сатып алу тәртібін бұзбау үшін келісім-шартты үшінші тұлғаға сату мүмкіндігіне банк кезінде тыйым салған болатын. Жаңа сервисті әзірлеу барысында банк бұл мәселелерді ескеріп отыр. Бұл әдіспен сатылған шот арқылы депозиттің жаңа иесі үйді тек коммерциялық нарықтан ала алады. Мұндай салымдар мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Осылайша жеңілдетілген шарттармен әлеуметтік тұрғын үй алу үшін өз бетінше және тұрақты түрде ақша жинап жатқан салымшылардың мүддесі қорғалады. Депозиттерді сатудың жаңа сервисі барынша айқын, ашық және аноним болады. Іс жүзінде процесс келесідей жүреді: депозит сатушы «ЖССБ 24» интернет-банкингінде шотын сатылымға шығаратыны туралы хабарландыру жариялап, бастапқы бағаны көрсетеді. Ол сатылатын шоттағы барлық жинақтың жалпы сомасының 20%-нан аспауы тиіс. Мысалы, банк клиентінің салымында 1 млн теңге жиналса, ол депозит үшін 1 200 000 теңгеден аспайтын бастапқы бағаны қоя алады. Депозит сатып аламын деген адам саудаға қатысу үшін онлайн-төлемнің көмегімен 20 000 теңге көлеміндегі кепілдік жарнасын төлейді. Бұл оның шын мәнінде шот алуға ниетті екенінің растайды. Осыдан кейін қолайына келетін хабарландыруды таңдап, депозитті сатып аламын деген бағасын көрсетіп, өтініш жібереді. Бағаның өсу қадамы 20 000 теңге. Сатып алушы ұсынатын ең жоғары сома жинақ сомасына тең қаражат көлемінен аспауы тиіс. Өтінім қабылдау мерзімі аяқталған соң, жүйе жеңімпазды, яғни ең жоғары баға ұсынған адамды анықтайды. Ал басқа қатысушыларға кепілдік жарнасы автоматты түрде қайтарылады. Осыдан кейін депозитке иелік ету құқығын ауыстыру рәсімі басталады. Сатушы құжаттарға қол қойып, депозит ақысы аударылуы тиіс шот реквизиттерін көрсетеді. Сатып алушы да тиісті құжаттарға қол қойып, салым ақысын төлейді. Мұның бәрі онлайн-режимде жүреді. Бұл кезеңде сатып алушы мәміледен бас тартамын деп шешсе, оның кепілдік жарнасы қайтарылмайды, бұл сома сатушыға беріледі. Сатушы бас тартқан жағдайда, 1 ай бойы салымын қайта сатылымға шығара алмайды, ал кепілдік жарнасы депозитті сатып алуға ниет білдірген адамға қайтарылады. Бұл процеске қатысушылардың мәмілеге барынша байыппен қарап, жауапкершілікті сезінулері үшін жасалып отыр. Депозитті үшінші тұлғаға сату – банктің ақылы қызметі. Комиссия жинақ сомасының 0,5%-на тең. Ол сатып алушыдан алынады. Қазіргі уақытта онлайн-табыстау сервисі интернет-банкингтің веб-нұсқасында ғана қолжетімді. Қызметтің мобильді нұсқасы әзірленіп жатыр.

Похожие материалы