Алматы. 25 мамыр. 7kun.kz - Бүгін National Business журналының редакциясы ақылы онлайн жазылым арқылы ақпарат таратуға көшетінін хабарлады. Бұл туралы олар фейсбуктегі ресми парақшасында жазды.
«Жарнамалық модель ары қарай редакция қызметін қамтамасыз ете алмайды. 2003 жылдан бері біз сіздерге сапалы сараптама, менеджмент туралы мақалалар мен жарнама беруші есебінен жеке рэнкингімізді беріп келдік. Алайда жарнама берушілер Гугл мен Фейсбукке клиенттерді таргеттеуге кетті, ал біздің сайтқа кірушілер өте аз болды, өйткені біз бизнестен басқа ештеме жазбадық. Біз мұны мақсатты түрде жасадық, өйткені біздің еліміз үшін құндылығымыз осыда»,- дейді редакция хатында.
Олар сондай-ақ, жарнама берушілерге аудиторияның салалық екендігін, бірақ бір мақсатқа бағытталғанын, сондықтан олар үшін пайдалы болатынын айтып түсіндіру мүмкін болмағанын айтады. «Жарнама берушілер бізге оқылымы жоғары іскер БАҚ-тар бар екендігін айтатын. Жасыратыны жоқ, олар бар. Бірақ, қорғасын мен сынаптың тығыздығы бірдей болғанына қарамастан, әртүрлі мақсатта қолданылатынын қалай түсіндіруге болады?»,-дейді редакция хабарламасында. 2010 жылы редакцияда 52 адам жұмыс істесе, 2011 жылы 5-ақ адам қалған. Қазіргі кезде 9 адам қызметкері барын жазған журнал ұжымы өздеріне корпорациялардың иелік етпейтінін, мемлекеттік тапсырыстың жоғын, кредит бермейтінін, өздеріне инвестициялаудың қауіпті, жарнама берудің "тиімсіздігін", бірақ өздерін оқу пайдалы екенін жазады. Журналға жылдық жазылым 14900 теңге көлемінде болады. Бұған жабық мақалаларды оқу, 500 ірі компанияның рэнкингі, сондай-ақ журнал жанындағы клуб отырыстарына қатыса алады. Бұл клубта басылымға шыққан мақалалардың авторларының дәріс, семинарлары өтеді. Жазылым үшін: http://nb.kz/nbclub/ Айта кетейік, 2016 жылы vlast.kz сайты алғашқылардың бірі болып ақылы жазылым қызметін енгізген еді.