Алматы. 2 қазан. 7kun.kz — 2017 жылғы IІ тоқсанда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 80156 теңгені құрады. Бұл туралы статистика комитеті хабарлады.
2017 жылғы IІ тоқсанда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстарының жоғарғы мөлшері Атырау облысында байқалды. Онда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 1,7 есеге артты. Яғни 137 842 теңге.
Табысы ең төмен өңірлер ретінде Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары белгіленді, осы өңірлердегі халықтың табыс мөлшері орташа республикалық деңгейдің 57-66 пайызды құрады. Жамбыл облысы - 52 659 теңге, Оңтүстік Қазақстан - 45 530 теңге.
2017 жылғы ІI тоқсанда өңірлер бойынша халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстардың ең жоғарғы және ең төменгі шамасы арасындағы айырмашылығы 3 есені құрады (2016 жылғы IІ тоқсанда – 3,3 есе).
Сонымен қатар, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 2016 жылғы ІI тоқсанмен салыстырғанда 5,2 пайызға өскен.
Айгүл Хожантаева