4 ақпан күні TransAsia авиакомпаниясының ATR 72-600 ұшағы борттағы 58 жолаушысымен Тайван астанасы Тайбэйге жақын жерде құлады, деп хабарлайды Agence France-Presse. 17 зардап шегуші салоннан шығып үлгеріп, өзге жолаушыларды құтқаруға тырысқан. Кейінірек, құтқарушылар оларды жағаға алып шыққан.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, әуе апатының себебінен тоғыз адам қаза тапқан. Құтқарушылар әуе кемесінен тағы да он зардап шегушіні алып шыға алған.
Турбовинтті ұшақ Суншань аэропортынан ұшып шығып Цзиньмэнь аралына ішкі рейс жасаған. Ұшып шыққан соң бірнеше минут өткеннен кейін ол автожолдың көпірін жанап өтіп, өзенге құлап түскен.
Көпірден өткен көліктердің видеорегистраторлары ұшақтың құлаған сәтін түсіріп алған.
2014 жылы 23 шілдеде TransAsia компаниясының ATR-72 ұшағы борттағы 58 жолаушысымен бірге тайвандық Пэнху уездінде апатқа ұшыраған болатын. Ол кезде 48 адам көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, қатты жел кезінде ұшқыштар көлікті екі рет жерге қондырмақшы болған. Нәтижесінде ұшақ аэропорттан алыс емес аймақта екі үйге зақым келтіріп барып жерге соқтығысқан.