Алматы. 9 тамыз. 7kun.kz – 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Тау Кен Алтын» аффинаж зауыты 10 тоннадан астам алтын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық банкке 10 тоннадан астам қоспалардан айырылған 9999 сапалы таза металл өткіздік. Ондағы әр құйманың салмағы 12 келіні құрайды», - деді зауыт өкілі Мұратбек Жанас Қазақстан брендтері туралы кітап таныстырылымында.
Оның айтуынша, зауыт республика ломбардтары өткізген металл сынықтарын да өңдеуден өткізеді.
Жыл соңына дейін «Тау-Кен Алтын» 20 тонна алтын құймаларын аффинаждап, Ұлттық банкке өткізуді жоспарлап отыр.
Одан бөлек, кәсіпорын зергерлермен уағдаласып, оларға Лондон биржасы бекіткен баға бойынша алтын сатуды жоспарлап отыр.
«Зергерлерге дайын қорытпаларды сату арқылы көмектескіміз келеді. Себебі, зергерлер бір мезгілде бір келіден асатын алтынды сатып ала алмайды, оларға 100 граммнан бастап, түйіршік түрінде сата аламыз. Ұлттық банктің бізге қойған шектеуі бар, яғни алғашқы жартыжылдықта 150 келіге дейін ғана металл сата аламыз», - деді Мұратбек Жанас.
Айта кетейік, «Тау-Кен Алтын» 2013 жылы іске қосылды және 2014 жылдан бері ҚР Ұлттық банкіне алтын құймаларды өткізіп келеді.