Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Теңгені еркін айналымға жіберу арқылы не ұтамыз, неден ұтыламыз?

Теңгені еркін айналымға жіберу арқылы  не ұтамыз, неден ұтыламыз?
Қазір теңге девальвациясы туралы пікір қызып тұрған тұс. Арғы күні Үкіметте шұғыл жиын өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  әлемдік экономикалық жағдайдың қиын екенін мысал етіп, біздің сын сәтте тұрғанымызды баса айтты. Бұдан соң кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов БАҚ өкілдерімен кездесіп  «Қазақстан 20 тамыздан бастап теңгені еркін айналымға жіберетінін» мәлім етті. Үкімет басшысының айтуынша, біз мұндай тәжірибені Австралия мен Канададан алып отырмыз. Бұл ретте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Қалыптасып отырған экономикалық жағдай бір жылдық ауыртпалық емес, бұл жағдай 5-7 жылға созылуы мүмкін. Сондықтан біз теңгеге қатысты еркін ауытқу бағамына өтеміз. Мұндай тәжірибені біз Австралия мен Канаданың тәжірибесіне алып отырмыз» деді. Міне, осылайша ендігі кезекте Қазақстан теңге бағамын мемлекеттің қатысуынсыз еркін ауытқуға жіберетін болды. Үкімет мүшелерінің айтуынша, бұл үрдіс айырбас бағамының әлсіреуіне де, тіпті нығаюуына да алып келуі мүмкін. Жалпы, теңгені еркін ауытқуға жіберуге қатысты үкімет мүшелері «әлемдік нарықтағы шикізат бағаларының күрт төмендеуі мұнай мен меттал бағасының арзандауы мәселені осыған әкеп тіреді» деп отыр. Ал енді бұлай ұлттық валютаны еркін ауытқуға жіберуден не ұтамыз, неден ұтыламыз? Бүгін біз осыны сараптап көруді жөн көрдік. Девальвация тығырықтан шығара ма? Біздің ұлттық теңгеміз бұған дейін де бірнеше мәрте еркін айналымға түсті. Бірақ мұндай еркін ауытқу тәжірибесі бірінші мәрте жүзеге асырылатын болады. Себебі біз Тәуелсіздік алғалы бері  әлемдік нарықтағы мұнай бағасы нақ қазіргідей 48-50 доллардың айналасына түсіп көрмеді. Ел бюджетін біз кем дегенде «мұнай бағамы 95-100 доллар болады» деп есептеп, түзіп отырдық. Ал қазір мұнайдан түсетін түсім көлемі екі есеге төмендеп кетті. Бұған әлемдік нарықтағы түсті және қара металлдардың бағасы түсіп жатқанын қоссақ, ел бюджетіне экспорттан түсетін түсімнің азая бастағанын аңғарамыз. Ал бюджеттің 80 пайызы шикізат сатудан түсетін түсіммен толығып отырғанын аңғарсақ, нақ қазіргі уақытта біз үшін долларды қымбаттатып, теңгені еркін ауытқуға жібері тиімді екенін байқаймыз. Біз осы уақытқа дейін теңгені тежеп ұстап тұрып келдік. Бұл мақсатта алтын-валюта қорынан әр ай сайын миллиардтаған қаржы алынды. Ел экономикасын демеу үшін ұлттық қордан қосымша қаржы алынды. Бірақ біздің қайсыбір мамандарымыз «әр дағдарыс сайын девальвация жасау тығырықтан алып шығатын төте жол емес» деп отыр. Жұмаділда БАЯХМЕТОВ, ЭКОНОМИСТ-ҒАЛЫМ: - Негізінен алып қарағанда теңгені құнсыздандыру тығырықтан түбегейлі алып шықпайды. Себебі көрші Ресейді алайықшы, Ресей өз экономикасын аяққа тұрғызу үшін рубльді әр күн сайын құнсыздандырып отыр. Кремль қазірде рубльді одан әрі ұстап тұра алмайтынын нақты мойындады. Ал енді бұдан  Ресей экономикасы еңсе тіктей алды ма, жоқ. Ресей сырттан келетін инвсетиция мен шикізатты экспорттауды басты негіз етіп алған ел. Ең басты қателігі де осы. Сондықтан мұндай тұрақсыздыққа жол бермеу үшін Қазақстан отандық өндірісті, отандық өнім өндірушілерді қолдау керек. Шикізат көзінен түсетін түсім, импорт көлемін арттыру бізге оншалықты пайда әкелмейді. Сондықтан өзімізде шығатын отандық өнімдердің қарасын арттыру керек. Өзін-өзі асырай алатын, өзін-өзі қамти алатын мемлекет болғанда ғана бізге ешқандай дағдарыс әсер етпейді. Сондықтан өз басым теңгені еркін ауытқуға жіберу «уақытша дем беру» деп есептеймін. Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша,  қазіргі уақытта отандық өндіріске дем беру ғана  дағдарыстан алып шығатын төте бағыт. Ал жалпы, мұндай еркін ауытқуға жіберудің ұтымды тұсы да барын мойындауымыз керек. ҰТАТЫН ТҰСЫМЫЗ: Біздің бұл әрекеттен ұтатын тұсымызды санамалап көрсек: 1) Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт төмендеді. Біздің елде мұнайдан түсетін түсім азайып, бюджет қоржыны босады. Экспорттаушылардың да табысы азайғаннан кейін олар үкіметтен көмек сұрай бастайды. Жалпы, бір ғана мұнай емес, сыртқа тауар шығаратын компаниялар үшін теңгенің құнсыздануы тиімді. Біз үнемі экспортқа тауар шығарушыларды қолдау үшін теңгені девальвация жасаймыз. Себебі, ел бюджетіне экспорттан түсетін түсім жоғары. Сондықтан олар үшін доллардың құнын өсіріп, теңгені құнсыздандыру тиімді болып келді. 2) Алыс-беріс сауда-саттықты теңгемен емес, доллар арқылы жасайды. Бұл доллар қымбаттаса сол алыс-беріс саудадан түсетін түсім де артады. 3)  Экономиканың ырғақты өсу негізін инвестициялар легі құрайтыны даусыз. Рас, инвестициялар тасқыны келіп жатыр. Ал сол инвесторлар доллармен жұмыс істейді. Олар қарыздарын доллар арқылы алады. Сыртқы қарызды да доллармен алып, доллармен жабады. Бізге инвесторлардан түсетін түсім доллармен есептеледі. Инновациялық бағдарламалардың көпшілігін шетелдік инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылады. Олар табыстарының барлығын доллармен ұстайды, доллармен көрсетеді. Шетелдік нарықта да доллармен сауда-саттық жасайды. Міне, инвесторларға да тиімсіз болмау үшін де теңгені құнсыздандыру қажет. ҰТЫЛАТЫН ТҰСЫМЫЗ Әрине, теңге девальвациясынан ұтылатын тұсымыз да бар. Мәселен, санамалап көрсек:
  • Доллармен несие алғандардың қарыз көлемі өседі. Бізде банктен несие алушылардың біразы қарызды АҚШ долларымен алған. Оларға тұрақты теңге бағамы керек. Долларға деген сұраныс өсетіндіктен, отандық экономистер теңге девальвациясы доллармен несие алғандарды шығынға белшеден батыратынын жасырмауымыз қажеттігін алға тартады. 2) Теңгелік депозиттердің құны түсіп кетті. «Қазір қарапайым халықтың басым бөлігі депозиттерге қаржысын теңгемен жинақтап отыр. Ал теңге құнсызданған жағдайда теңгелік депозиттердің де құны түседі. Қысқасы, халықтың теңгемен жинаған ақшасы құнсызданады» дейді сарапшылар. 
  • Теңге девальвациясы валюталар базарына да кері әсерін тигізбек.Мемлекетаралық келісім, сауда-саттық қарым-қатынастардың дені валюталар құндылығына байланысты жүретіндіктен ұлттық теңгеміздің құнсыздануы валюталар базарына да кері ықпал етеді. Мысалы, өзге елдердің ұлттық валютасының құны артып, теңгенің құны төмендейтін болса, біз нарықтық экономикамыздың осалдығын танытып қоямыз. Сондықтан теңге сауда-саттық жүргізу үшін, уақытында төлем жасау үшін басқа мемлекеттердің қазіргі айналымда жүрген валютасымен  сәйкес келуі керек. 
Түйін:  Ал енді мұндай жағдайда не істеу керек? Мамандар  бұл ретте «ең маңыздысы - экономиканы қолдауға бұған дейін Қазақстан Үкіметі Ұлттық қордан қаржы бөлген еді. Кеше Елбасы енді оған  "иек артудың" қажеті жоқ деді. Енді сол Ұлттық қордан бөлінген қаржынының шашауын шығармай тыңғылықты жұмсасақ қана жағдай нәтижелі болады. Ал ол қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетсе онда ахуал ушығады. Ендігі үміт, сол бөлінер қаржының нақты-нақты салаларға орнымен жұмсалуында» дейді. Қарлығаш Зарыққанқызы

Похожие материалы