Алматы. 9 тамыз. 7kun.kz – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тендерлерді өткізу мерзімін екі есеге жуық қысқартты , деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тендерлерді өткізу мерзімін шамамен екі есе қысқартты. Егер бұған дейін тендерлерді өткізу 65 күнге дейін созылса, мерзімдерді оңтайландырудың нәтижесінде бұл шара шамамен 38 күнді құрады. Мәселен, zakup.sk.kz жаңа электронды порталында сатып алуды хабарлау, тендерлік өтініштерді жинау 15 күннен 10 күнге дейін, өтініштерді қайта қарау 10 күннен 5 күнге дейін қысқарды.
Келісімшарт жасасу шарасы енді 10 күннің орнына 5 күн алады. Аталған өзгерістер мен толықтырулар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу ережелеріне енгізілді және биылғы 1 тамыздан бастап өз күшіне енді.
Биылғы 21 мамырда ашық тендерлерді өткізу шарасы tender.sk.kz порталынан zakup.sk.kz жетілдірілген, әрі жаңғыртылған порталына көшірілген болатын.
Zakup.sk.kz электронды сатып алулар порталы 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Осы уақыт аралығында жүйеге 18 мыңнан астам тапсырысты орындаушы тіркелді. Жаңа сатып алу алаңында 27 мыңнан астам сатып алулар өткізілді.