ҚР Қаржы министрлігі «Tengri Bank» АҚ басқарма төрағасының экс-орынбасары Бахтияр Ильясов пен Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Әсет Жадықовтың ұсталғанын растады.
Бұған дейін телеграм арналардың бірінде екі экс-топ менеджердің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Министрліктің баспасөз қызметі толығырақ ақпаратты кейінірек Алматыдағы экономикалық тергеулер департаменті тарататынын хабарлады.
Ильясов аталған банкте 2015 жылдан бері жұмыс істеп, биыл қаңтар айында басқарма құрамынан шығарылған.
Айта кетейік, Tengri Bank бүгінде тарату кезеңінде. 17 қыркүйекте Tengri Bank лицензиясынан айырылып, 18 қыркүйекте банктік операциялар тоқтаған еді. Бұған пруденциялық нормативтерді және сақталуға міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзу, қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамау, уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын банктің банк холдингінің орындамауы негіз болған.
Реттеуші бұған дейін хабарлағандай банктің қаржылық жағдайының нашарлауы несие портфелі сапасының төмен болуымен байланысты. Несие портфелінің 83%-н құрайтын қайтарымсыз қарыздар үлесінің жоғары болуы қаржы институтының активтері сапасының нашарлауына әкеп соққан.
Проблемалық кредиттердің негізгі бөлігі 2015 – 2017 жылдары банктің қазақстандық акционерлерімен байланысты тұлғаларға берілген, олардың үлесіне банктің несие портфелінің 58%-ы тиесілі.
Tengri Bank 2020 жылдың 1 тоқсанында 3,538 млрд теңге таза шығынға ұшырап, активтері 2,5%-ға 121,235 млрд теңгеге дейін азайды. 2019 жылы да активтері 4%-ға, 122,8 млрд теңгеге дейін азайып, 1,4 млрд теңге таза шығынға ұшыраған.
Ұлттық банктің мәліметінше 2020 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Tengri Bank активтерінің көлемі бойынша 27 банктің ішінде 20 орында болды.
Қазіргі кезде уақытша әкімшілік тағайындалып банкті таратуға кіріскен. Кейін жұмысы тоқтаған банктегі салымдарды тарату үшін Еуразиялық банктің оператор болып тағайындалғаны және өтініштердің 30 қыркүйектен бастап қабылданатыны, клиенттер салымдарын 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ала-алатыны туралы хабарланды. 30 қыркүйек күні 8 сағаттың ішінде салымшылар банктен 4,8 миллиард теңгесін қайтарып алған. 21 қазандағы ақпарат бойынша салымшылардың 14,5 млрд тенгесі немесе банк міндеттемесеінің 81,5% салымшыларға қайтарылған.