Алматы. 6 наурыз. 7kun.kz — Қазақстан мен ТМД елдеріне ортақ Qoovee.com атты онлайн сауда алаңы ашылды. Онда 14 мыңнан астам өндірушілер мен тауар жеткізіп беруші компания тіркелген. Бұл туралы Qoovee IT-компаниясына сілтей отырып, Капитал.kz хабарлады.
Qooveе өндірушілер мен жеткізіп беруші компанияларға тауарларын өткізуге және дилер, дистрибьютор желісін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, ол делдалдарсыз сауда-саттықпен айналысуға жол ашады. Qooveе-дің арқасында өндірушілер базасы көтерме тапсырыс берушілерге қолжетімді болады.
Жақында Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдерінің үкіметіне «цифрлық фабрика» концепциясын жіберген еді. Концепцияда ЕАЭО елдерінің өндірісін цифрландыру туралы ұсыныс болған.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ЖІӨ-дегі цифрлық экономиканың үлесі 2,8% немесе 85 млрд долларды құрайды. Алдын-ала бағалауда бойынша 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 20 пайызға жетуі тиіс. Цифрлық экономиканың дамуына электронды сауда алаңдары айтарлықтай үлес қосады.
Qoovee жобасының негізін қалаушылардың айтуынша, Қытай мен АҚШ, Еуропа секілді дамыған мемлекеттерде өздерінің электронды алаңдары бар. Бұл олардың экспорт көлеміне әсер етіп отыр.