Санкт-Петербург. 17 маусым. 7kun.kz – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Радий Хабиров Қазақстан мен Башқұртстанның сауда-экономикалық, өнеркәсіп, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық серіктестікте Башқұртстан Республикасының ерекше орын алатынын атап өтті. Президент екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Башқұртстан дәстүрлі түрде Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосуда. Оның пікірінше, түрлі бағыттар бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге әлеует жеткілікті және Қазақстан оны толыққанды іске асыруға ниетті.
Өз кезегінде Радий Хабиров кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.